428,05 501,70 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маңғыстау облысында пойыз билеттері сатыла бастады

  • 478
  • UPD: 23:15, 15.05.2020

Маңғыстауда вокзал қызметкерлерінің 80 проценті жұмысқа шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұнда да бүгіннен бастап билеттер сатыла бастады.

 Ақтау қаласының тұрғыны Нұрлан Оңғарбаев таңмен теміржол кассасына келіпті. Ол бұл күнді асыға күткенін айтады. Билетті досына сатып алмақшы. Наурыз айының соңында жеке шаруасымен Шымкенттен келген досы төтенше жағдай басталып кетіп, Ақтаудан шыға алмай қалған.

Нұрлан Оңғарбаев, қала тұрғыны:

– Көптен күткен әуе және теміржол кассалары ашылып жатыр. Қуаныштымыз. Себебі Ақтау қаласында досымыз қалып қойып еді. Сол досыма қазір билет алып жатырмыз. Жанұясына оралуына. Жұмысымыз да бар, әке-шешем Ақтөбеде тұрады, Ақтөбеге қыдырып барамыз.

Темір жол вокзалы облыс орталығынан 30 шақырым жердегі Мұнайлы ауданында орналасқандықтан ақтаулықтар билетті қаладағы жеке кассалардан сатып алып жатыр. Ал «Маңғыстау» вокзалына көбіне осы маңдағы тұрғындар келуде. Бүгін тек үш бағытқа Ақтөбе мен Нұр-Сұлтан қаласына және Алматыға билет сатылып жатыр.

Алма Айымқұлова, Маңғыстау теміржол вокзалының басшысы:

– Ең соңғы пойыз 3 сәуір күні келді. Содан кейін жұмысшылардың барлығы үйлеріне таратылды. Енді мына пойыздың ашылуына байланысты осы аптадан бастап жұмысшылар қайтадан өздерінің жұмыстарына қосылып жатыр. Қазіргі таңда 80 процент жұмысшылар ісіне кірісті.

Вокзал санитарлық талаптарды сақтай отыра жұмысын бастапты. Әр екі сағат сайын зарарсыздандыру жұмыстары жүргізіледі. Мұнда келгендер вокзал ішінде де, сыртында да 1 метр арақашықтықты сақтап тұрулары тиіс. Осы мақсатта бір-бірінен алшақ тұруы үшін жерге арнайы белгілер салынған. Кассаға, күту залы мен анықтама бюросына антисептик қойылған. Вокзалға да, пойызға да бетпердесіз кіруге тыйым салынған. Бұл талапты орындамаған жағдайда жолсерік жолаушыны вагонға кіргізбеуге құқылы. Пойыз қозғалысы басталған соң санитар дәрігерлер жолаушыларды тепловизормен тексеретін болады. Бұл тек аймаққа келетін пойыз жолаушыларына қатысты. 

Гүлмира Әбішева, тілші:

– Маңғыстау станциясынан 1 маусымнан бастап жолаушылар пойызы жүре бастайды. Алдымен Алматыға және Ақтөбеге, ал 2 маусымнан Нұр-Сұлтан қаласына пойыз аттанады. Қалған бағыттағы пойыздар кезең-кезеңімен жүреді. Бір ерекшелік, пойыз вагондары сатылған билеттердің санына қарай қосылып отырады.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы