412,55 465,50 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мәскеуде коронавирусқа қарсы иммунитеттің барын анықтау үшін жаппай тестілеу басталды

  • 265
  • UPD: 21:39, 16.05.2020

Мәскеуде коронавирусқа қарсы иммунитеттің бар-жоғын анықтайтын тест жаппай әрі тегін жүргізіле бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жергілікті биліктің бұл бастамасы қаншалықты маңызды әрі оның пайдасы қандай болмақ?

Дәурен Ақашұлы, тілші:

- Мәскеу қаласының тұрғындары арасында коронавирусқа қарсы иммунитеттің бар-жоғын анықтайтын жаппай тестілеу 30 емханада жүргізіледі. Барлығы тегін. Әрбір емхана арнайы құралдармен жабдықталған. Ал, тұрғындар тексеруден өтуге кездейсоқ таңдау арқылы шақырылады. 

Людмила Великонская, Мәскеу қаласы №2 емханасының дәрігері:

- Қала тұрғындары арасында қанның құрамын жаппай тегін тексеретін бұл шара 15 мамыр күні басталды. Тест адамның ағзасында иммуноглобулин G және M қарсы денелерінің бар-жоғын анықтайды. Осы арқылы азаматтың COVID-19-ды жұқтырып алғанын немесе одан жазылып шыққанын біле аламыз.

Жаппай тексеру дертті жұқтырған бірақ оның нышандары байқалмаған, яғни вирусқа қарсы иммунитеті бар азаматтарды анықтауға мүмкіндік береді. «Бұл індетпен күресуге көмектеседі», - дейді мамандар.

Людмила Великонская, Мәскеу қаласы №2 емханасының дәрігері:

- Иммуноглобулин G адамның коронавируспен ауырғанын көрсетеді. Бұл ол осы ауруға жаңадан шалдыққан науқастарды емдеуге қажетті плазма доноры бола алады дегенді білдіреді.

Мұндай тест шаһарда вирустың жалпы таралу ауқымын да көрсете алады. «Яғни, Мәскеуде шектеу шараларын сақтау немесе жеңілдету туралы шешім қабылдауға үлкен көмек болмақ», - дейді жергілікті билік өкілдері.

Авторы: Дәурен Ақашұлы

 

 

 

Хабар 24 телеарнасы