420,65 505.95 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтөбеде 200-ге жуық тамақтану орны қызметін қайта бастайды

  • 602
  • UPD: 20:29, 16.05.2020

Осы дүйсенбіде елде бірқатар кәсіпкерлік нысан жұмысын бастайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың қатарында қонақүйлер мен қоғамдық тамақтану орындары бар. Тек Ақтөбе қаласының өзінде 200-ге жуық шағын дәмхана ашылады.

Олар осындай жауапты кезеңде жұмыс істеуге қаншалықты дайын?! Мұны анықтау үшін жергілікті билік өкілдері мен қоғам белсенділерінен құралған мобильді топ бұл нысандарды жаппай тексеріп жатыр.

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:

- Светлана Тоқмурзина жұмыссыз өткен екі айға жуық уақыттың артта қалғанына қуанышты. Қазір әріптестерімен бірге мейрамхана ісін қайта жандандыруға белсене кіріскен. Шаң басқан үстелдер мен орындықтар тазартылып, ғимарат іші зарарсыздандырылып жатыр. Наурыздың соңғы күндеріне дейін мұнда 50-ден астам адам тұрақты еңбек еткен еді. Ал, елде төтенше жағдай жарияланғанда барлығы да ақысыз демалысқа кеткен.

Светлана Тоқмұрзина, мейрамхана басқарушысы:

Мейрамханамыздың қайта ашылғанына қуаныштымыз. Бұл күнді көптен күткен едік. Бірақ әзірге қызметкерлеріміздің 50%-і ғана жұмысқа шығады. Себебі, 160 орындық мейрамханамызды 30-ға дейін түсірдік. Пандемия кезіндегі бізге қойылған талап осындай боп тұр. Сондықтан да клиенттеріміздің де, өзіміздің де денсаулығымыз үшін қатаң сақтауымыз керек.

Талаптың сақталуын әкімдік өкілдері мен қоғам белсенділерінен құралған топ бақылауда ұстайды. Қазірдің өзінде қаладағы шағын дәмханалардың дайындығын тексеріп жүрген олар ең алдымен нысандардың дезинфекциялық құралдармен қамтылуына назар аударуда. Зарарсыздандыру сұйықтығын кафеге келушілер кіреберістен қолданып, дене қызуын өлшеуі тиіс. Ал, той-томалақ өткізуге арналған банкет залдары бар мейрамханалар шектеу шарасы жеңілдейтін келесі кезеңінде іске қосылмақ. Қазір жұмыссыз қалған қызметкерлеріне қолдау көрсету үшін «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына өтініш жасалған.

Анар Даржанова, «Атамекен» облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры:

- Өзіңіз білесіз, бүгінгі күні мемлекет тарапынан бағдарламалар жүріп жатыр. Оның шеңберінде құрылыс, жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Осы жұмыстарға босап қалған адамдарды біз тартуымыз керек. Себебі, бүгінгі күні қарайтын болсақ, жұмысшылардың 30%-і ғана жұмысқа шығып жатыр. Қалған адамдар үйде отыр деген сөз. Сондықтан оларды басқа да кәсіпкерлік саласына тарту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.

18 мамырдан бастап, қала бойынша 200-ге жуық тамақтану орындары қызметін қайта бастайды. Дегенмен, кейбір азық-түлік және көкөніс түрлері қымбаттаса да, қызмет ақысын әзір өсірмеуді ұйғарыпты.

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:

-Жалпылай алғанда Ақтөбеде дүйсенбі күні карантин режимі кезекті рет жеңілдемек. Нәтижесінде дәмханалардан бөлек, аумағы екі мың шаршы метрден аспайтын дүкендер, туристік компаниялар, балаларды дамыту орталықтары жұмысын қайта жалғастырады. Мамандардың айтуынша, аталған салаларда еңбек еткен 12 мыңнан астам адам төтенше жағдай кезеңінде ақысыз демалысқа жіберіліп, 42500 теңге көлемінде әлеуметтік жәрдемақы төленді. Енді олар кезең-кезеңмен қайта жұмысқа шықпақ.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев

 

Хабар 24 телеарнасы