412,24 465,50 5.83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанай облысының жүзден аса тұрғыны «Еңбек» бағдарламасымен кәсіп ашқан

  • 179
  • UPD: 22:02, 16.05.2020

Қол қусырып отырмай мал бағып, жер өңдеп табыс табам десеңіз, мемлекет қолдайды.

Бұл үшін арнайы құрылған «Еңбек» бағдарламасы бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биылдың өзінде Қостанай өңірінің жүзден аса тұрғыны осы бағдарламаның игілігін көріп, кәсіп ашқан.

Оларға берілген несие көлемі 450 миллион теңгеден асады. Мұндай қаражат мал және өсімдік шаруашылығын дамытуға, сондай-ақ стартап жобаларды қолдауға беріледі.

Данияр Сұлтанұлы, тілші:

- Жұлдызай Сүлеймен өз жобасына қаражатқа өткен жылдың соңында қол жеткізді. 11 млн теңге ақпараттық технология мектебін ашуға жұмсалды. Мамандығы экономист, ал бұрын хатшы болған іскер келіншек кәсіпкерлер үшін бухгалтерлік есеп жүргізудің отандық бағдарламасын әзірлеуді жөн санаған. Білім мекемесі карантинге жабылғанша 30 адам қысқа мерзімді оқыту курсынан өтті.

Жұлдызай Сүлеймен, кәсіпкер:

- Бұл есепті көрсетуде негізі адамды бухгалтерлік есепті дұрыс жүргізудің тәсілдері мен амалдарын көрсету. 1С бухгалтерия және тағы басқа бағдарламалар жаңартуды ұзақ күткізеді. Сосын жаңарту кезінде көп уақыт отырмайды. Жаңарту өтпей қалады. Соған байланысты мен жеке мектепті ашқан болатынмын.

Биыл «Еңбек» бағдарламасы бойынша Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан филиалға 1,8 млрд теңге бөлінді. Кәсіпкерлерге берілетін жеңілдетілген шағын несие мал, өсімдік шаруашылығын, ауыл кәсіпкерлігін дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу мен сақтау жобаларына беріледі.

Әсет Кунафин, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ ҚОФ директоры:

- Бағдарламаның басымдығы стартап, сондай-ақ өз ісін үш жыл бұрын бастаған жас және тәжірибелі кәсіпкерлердің жобаларын қаржыландыруға негізделеді. Қарыз алушылар 90 күнде бір рет тексеріледі. Бөлінген қаржы мақсатты жұмсалып жатыр ма? Біз осындай бағытта мониторинг жүргіземіз.

Қарыз алушы кандайда бизнесті ашамын десе, міндетті түрде оқудан өтеді. Кәсіпкерлік сабақтары тегін өтеді.

Аида Құсайынова, облыстық жұмыспен қамту және ӘБ басқармасы басшысының орынбасары:

- Несие алуға үміткер әуел бастан Жұмыспен қамту орталығына хабарласуы тиіс. «Бастау-бизнес» жобасымен кәсіпкерлікті меңгеруге өтініш қалдырады. Оқу кезеңі кәсіпкерлер палатасында 25 күнге созылады. Бұған қоса, несие алушыға стипендия төленеді.

Соңғы үш жылда стартап жобаларды қаржыландыруға шамамен 6 млрд теңге бағытталды. Екі мыңдай адам өз ісін ашты.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы