419,66 501.30 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жамбыл облысында «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы 22 маман жұмысқа тұрды

  • 867
  • UPD: 08:23, 17.05.2020

Жамбыл облысы Жуалы ауданына биыл «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен 22 жас маман тартылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың дені білім мен денсаулық сақтау саласының қызметкерлері. Ауданға әлі де жаратылыстану пәндерінен сабақ беретін мұғалімдер керек. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласында  кадр тапшылығы сезіліп отыр. Әсіресе, агроном, ветеринар мамандар жетіспейді. 

Мөлдір Рахымбек – мұғалім. Ол жоғары оқу орнын тәмамдаған соң Көлбастау ауылына тұрмысқа шыққан. Жергілікті аула клубында биология пәнінен сабақ береді. Қазір карантинге байланысты қашықтан оқытуға көшкен. Ол«Дипломмен ауылға» бағдарламасына қатысып, мемлекеттен берілетін көтерме жәрдемақы мен баспана алуға жеңілдетілген несие алды. Оған мына, 5 бөлмелі үйді сатып алған. 

Мөлдір Рахымбек, жас маман:

– Көп көмек болды. Ай сайын 21 мың деген білінбейді. Соны пәтер жалдап жүрген кезде де төлейтінбіз. Ал қазір мына үй өзімізде қалады.

Ауылға барған жас мамандар көбінесе жеңілдетілген несиеге өтініш береді. Бірақ жылда бөлінетін қаражат сұраныстың 25-30 процентін қамтамасыз етуге ғана жетеді. Мәселен, Жуалы ауданында биыл өтініш 68 адамнан түскен. Ал республикалық бюджеттен бөлінген 87 миллион теңге 22 кадрды қамтамасыз етуге жетіп отыр. Арнайы комиссия оларды қажеттілігіне қарай анықтаған. 

Әбдікерім Үркімбаев, Жуалы ауданы әкімінің орынбасары:

– Таңдалады. Қажеттілік ескеріледі. Одан кейін  кезекке қойылады. Оның ішінде де бірдей болып жатса, басымды мамандар ескерілетін болады. Әрине, біз оның әлеуметтік жағдайына қарамаймыз. Өйткені бұл бағдарламаға бай баласы да, жарлы баласы да қатыса алады. Бұл – «Дипломмен ауылға» бағдарламасы.

Жалпы, бағдарлама іске қосылғалы ауданда 165 жас маманға үй алу үшін жеңілдетілген несие берілген. Сонымен қатар 400-ге тарта жоба қатысушысына 100 айлықтық есептік көрсеткіш көлемінде көтерме жәрдемақы берілді. 

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы