422.87 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қарағандының шеткі жеке үй секторларына газ тартыла бастады

  • 389
  • UPD: 09:01, 18.05.2020

Қарағанды облысында «Сарыарқа» магистральді газ құбыры маңынан автоматты газ тарату станциясы салынып бітті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді көгілдір отынды үй-үйге тарту жұмыстары басталды. Экологиялық таза отынның қызығын алғаш болып өңірдегі үш қала мен бір ауыл көреді деген жоспар бар. Ол Қарағанды, Теміртау, Жезқазған қалалары мен Талап ауылы.

Дәуренбек Бақдәулетұлы, тілші:

- Газ тарту жұмыстары Қарағандының шеткі жеке үй секторларынан бастау алды. «Бұл тұрғындардың көптен күткен қуанышы», дейді Ринат Түкебаев. Ол бұған дейін қыста 10 тонна көмір жағып келген. Әр тоннасын 12 мың теңгеден сатып алатын. Оның үстіне пеш жағу машақаты бар.

Ринат Түкебаев, қала тұрғыны:

- Пештің қиындығы – енді бір адам қыста оны жағып отыру керек. Газдың тиімділігі ол біріншіден, тазалық қой. Екіншіден, көмір алмайсың. Газ әрі арзандау болады деп ойлаймыз.

Газ алдымен Талап ауылына тартылды. Биыл Жезқазған, Қарағанды, Теміртау қалаларындағы жеке секторлардағы 300 үй қамтылады. Қазір қалалардың маңына автоматты газ тарату станциялары салынды. Орталық магистральдан келген құбыр үй сыртына дейін ғана тартылады. Бұған қоса есептегіш құралын орнатады.

Кирилл Данияров, мердігер компанияның бөлім басшысы:

- Ары қарай әр тұрғын өзінің қаражаты есебінен газ құбырын үйіне тартады. Оның бағасы пайдаланылатын қазандығына байланысты болады. Шамамен орташа бағасы 200-250 мың теңге.

Өңірдегі үш қалада орталық жылу жүйесіне қосылмаған тұрғын үйлер өте көп. Мысалы, Қарағандының өзінде 25 мыңға жуық жер үй мен 221 көп қабатты үй орталық жылу жүйесіне қосылмаған. Газдандыру жұмыстары кезең-кезеңмен жүргізіледі. Қазір жылу энергия орталықтарын газға көшіру мәселесі де айтылып жүр. Бірақ бірнеше түйткіл бар.

Данияр Кәрібаев, Энергетика және ТКШ басқармасының бөлім басшысы:

- Ол бойынша бөлек жоба жасалу керек болады. Екіншіден, қымбат. Үшіншіден, Қарағанды аймағы көмірлі аймақ. Біздің негізгі тұтынушылар көмірді ЖЭО мен қазандықтар.

«Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Нұр-Сұлтан» бағыты бойынша салынатын «Сарыарқа» магистральды газ құбырының игілігін 3 миллион адам көреді. Шамамен 6 ай от жағатын бұл өлкелерде экологиялық ахуал да жақсарады деп күтіліп отыр.

Авторлары: Дәуренбек Бақдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев

Хабар 24 телеарнасы