429,51 502,00 5.40
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҚО-да кененің көбеюін жұрт киіктен көреді

  • 339
  • UPD: 21:40, 18.05.2020
БҚО-да кененің көбеюін жұрт киіктен көреді

Кененің көбеюін жұрт киіктен көреді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Былтырғы санақ бойынша өңірде 230 мыңдай бөкен болса, қазір ұзын-саны 350 мыңға жетті деген бейресми дерек бар. Биыл қуаңшылық болған соң тоғандар кеуіп қалған, су тапшы. Сол себепті мың сан киік иен даланы емес, суы бар ауыл маңын шиырлайды. Жаңағы кенені сол малмен бірге жайылған түз жануары алып келеді екен. Одан қалды шабындық пен жайылымды отап кетіп жатыр. Оралдан тілшіміз тарқатсын.

Казталов ауданы Бостандық ауылының тұрғыны Нұрлан Нұғмановтың былтыр 25 жылқысы өлді. Мал дәрігерлері неден болғанын анықтай алмады. Бірақ шаруа шығынның себебін  кенеден көреді.

Нұрлан Нұғманов, шаруа қожалығының жетекшісі:

– Бүкіл кенені әкелген де сол киік деп ойлаймын. Қанша бас малдан айрылдық. 25 жылқы бір үйір ғой мысалы. Биыл да сол киік дейтін жүр. Үстері толған кене. Біздің жақта су болмағасын мына өзен бойына келіп жатыр. Бұған бір шектеу қойылу керек қой.

Киіктердің көбеюі қуанышты жайт болғанымен, оның ауыл шаруашылығына зияны жоқ емес. Мәселен ондаған, жүздеген мың киік өтіп шыққанда, шабындықтан түк қалмайды, деп шағымданады шаруалар.

Жұмажан Әлімғалиев, Нұрсай ауылының тұрғыны:

– Киіктер жерімізге түскенде шауып барып айдайық десең «Охотзоопром» жақындама дейді, жерімізде жүре берсін  дейді. Биыл енді білмеймін бұлай жүре берсе шөпті не істейміз.

«Охотзоопромға» әлі жетпеген шаруалар әкімдіктен көмек сұрайды. Осы мәселені Бостандық ауылының әкімі былтыр бірінші көтеріп, орман және аңшылық шаруашылығы инспекциясына хат жолдаған екен.   

Манарбек Сүндетов, Бостандық ауылының әкімі:

– Қойдың тұяғы да жейді, аузы да жейді дейді ғой. Сол сияқты киік те біздің жерімізді қазір құлазытты деп айтуға болады. Енді оған өзінің бөлінген жеріне апару туралы неге сондай жұмыстанбайсыздар дегенге ол жерге апаратын қаржымыз жоқ дейді. Өздерің өз жеріңді қорғаңдар дейді. Айдауға болмайды дейді. Тек ана қожалықтарға жерді қоршаңдар деген ақыл беріп отыр.

Жерін қоршауға шаруалардың шамасы келмейді. Ал киікке деп бөлінген 600 мың гектар жайылым қазір бос жатыр. Қуаңшылыққа байланысты ол жақта бөгет-көлдер кеуіп кеткендіктен, бөкендер қай жерде су бар, шұбырып сол жақта жүреді. «Киікті айдап бағу міндетімізге жатпайды, біз тек күзетеміз», – дейді «Охотзоопром» мамандары. Өзге құзырлы органдар да өзекті мәселеге бей-жай қарап отыр.

Қайрат Қадешев, орман және аңшылық шаруашылығы инспекциясының басшысы:

– Ондай мәселе жиі көтеріліп отыр. Облыс әкімі барғанда да көтерілді. Жеке малдармен бірге араласады. Мұндай факті бар. 

Ал мамандар өңірде киік саны бұрын да 300 мыңнан аспаған деседі. Өткен ғасырдың 80 жылдары бөкендер ауыл шаруашылығына айтарлықтай зиян келтіргесін мемлекет олардың санын реттеуді қолға алыпты.

Рүстем Зұлқашев, Казталов ауданы әкімінің орынбасары:

– Еділ-Жайық ортасында сыйымдылығы нормаға сәйкес 250 мың бас киік сияды деген есеп бар. Бөкей Орда резерватын  ашып, сол киіктерді белгіленген аумақта ұстауды ұсынып жатырмыз. Екінші ұсынысымыз аңшылық туризмді ұйымдастыру.

Шабындығы оталып, шаруасы шайқалып, шығынға ұшыраған мал иелері енді шағымдарын Парламентке, Президент әкімшілігіне жолдапты.

Ескендір Елемесов, облыстық мәслихат депутаты 

– Киіктер аурудан өліп жатыр. Соқыры бар, ақсағы бар. Соларды біреу жинап өртеу керек қой. Соларға ешкім жауап бермейді. Ветеринарларға айтсаң бізге соқпайды дейді. «Охотзоопромға» айтсаң, бізге соқпайды дейді. Сонда кім жауап береді. Ертең одан ауру тарамай ма? Судың бәрін ішіп жатыр ғой малмен бірге.

Биыл өңірде карантинге байланысты киіктерге авиасанақ өткен жоқ. Бірақ бөкен басы 350 мың жетті деген болжам бар. Ал киіктерді аулауға мораторий 2023 жылға дейін ұзартылды.

Авторлары: Ерденбек  Жылқайдарұлы, Болат Жарылғасов

Хабар 24 телеарнасы