418,52 493,00 5.72
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бұл уақытта өзенге шомылу қауіпті – құтқарушылар

  • 250
  • UPD: 07:59, 19.05.2020

Павлодарда екі адам суға кетіп қайтыс болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар шомылу маусымы басталмай жатып өзенге түскен. Қазір Шүлбі су қоймасынан табиғатты қорғау мақсатында су босатылып жатыр. Құтқарушылар бұл уақытта өзенге шомылудың қауіпті екенін айтады. Судың деңгейі жоғары, ағыны қатты. Ал тереңдігін анықтау мүмкін емес. Аймақта тыйым салынғанына қарамастан, өзенге ағылып жатқандар жетерлік. Бұған күннің күрт ысып кетуі де себеп болып тұр.

Ертіс өзені арнасынан асып, тасып жатыр. Су өзен қойнауындағы шабындық алқаптарға молынан жайылған. Бұл кезде суға түсу қауіпті. Себебі судың деңгейі жоғары. Ағып келген ағаштар мен басқа да заттардан шұңқырлар пайда болады. Соңғы күндері шомылу маусымын мерзімінен бұрын бастап, қайғылы оқиғамен аяқталған екі жағдай тіркелді. Оның біреуі ауданда, екіншісі облыс орталығында болған.

Серік Шериязданов, облыстық ТЖД жедел құтқару жасағы бастығының орынбасары:

– Рұқсат етілмеген жерде бір азамат суға кетті. Хабарлама 11 шамасында келіп түсті. Құтқарушылар жеткенде, денесін сол арадағы куәгерлер алып шығыпты. Қазір тергеу органдарымен тергеу жүргізіп жатыр. Одан кейін тағы бір оқиға тіркелді. Ертіс ауданында бір кісі суға кетті. Бүгін Ертіс ауданына сүңгуірлер шықты.

Оқиға орнына барған 4 сүңгуір суға кеткен адамның денесін алып шықты. Жалпы критерий бойынша сүңгу жұмыстары 3 күн атқарылады. Одан кейін бақылау жүргізіледі. Себебі мәйіт судың бетіне көтерілуі керек. Аймақта суға шомылу маусымы ашылған жоқ. Жағажайларды абаттандыру ісі енді басталады. Соған қарамастан, Орталық жағалауға келіп жатқандардың қарасы қалың.  

Олег Матвеев, қала тұрғыны:

– Біз әлі суға түскен жоқпыз. Себебі 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлегіміз келмейді. Өзенге қол созым жерде тұрмын. Денеме су бүркуден басқа амалым жоқ. Сәл күте тұру керек. Судың деңгейі төмендеген кезде қанша шомылсақ та өзіміз білеміз.

Болжам бойынша су мамырдың соңында қайтады. Жағажайларды ретке келтіру Ертіс бабына келген кезде қолға алынбақ. Биыл 17 коммуналдық, 20 жекеменшік жағажай ашылады. Өкініштісі, адамдар рұқсат етілмеген жерлерді таңдайды. Өткен жылы 33 адамның ажалы судан келді. Олардың 10-ы – бала.

Самат Асайынов, облыстық ТЖД басшысының орынбасары:

– Біз қазір жедел әрекет ету бекеттерін жасақтадық. Құтқару қондырғылары мен құрал-жабдықтарды тексеріп шықтық. Оның ішіне құтқарушы қайықтар, суға батпайтын жилеттер кіреді. Жанар-жағармай қоры дайындалды. Арнайы кестеге сай белгіленген аумақтар бақыланатын болады.

Шомылу маусымы келер айдың 1-нен басталады. Суға түсуге тек маусымның 10-нан кейін рұқсат етіледі. Оған дейін сүңгуірлер су айдындарының қауіпсіздігін тексеріп шығуы тиіс.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы