412,55 465,50 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордадағы балабақшалардың барлығы өз жұмысын маусым айында жалғастырады

  • 188
  • UPD: 13:00, 19.05.2020

Елорда тұрғындарының карантин жағдайында өмір сүріп жатқанына бүгін 62-күн, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елімізде Төтенше жағдай режимі аяқталғалы, бас қалада бірқатар нысанның жұмысы қайта жанданды. Олардың арасында балабақшалар да бар.

Алғашқылардың бірі болып нөмірі 95-мемлекеттік балабақша есігін бүлдіршіндерге айқара ашты. Алайда карантинге байланысты сақтық шаралары бұрынғыдан айтарлықтай күшейген. Мәселен, әр келуші маска тағуы тиіс. Ата-аналардың ара қашықтықты сақтауы үшін жерде арнайы белгі сызылған. Ал ғимаратқа кіреберісте педиатр-дәрігер отыр. Ол әр баланың дене қызуын өлшеп, денсаулығын жіті бақылайды.

Әзірге бөбекжайда 40 бала бар. Оларды ата-аналары жұмысына байланысты үйде қалдыра алмағандықтан, осында алып келген. Алайда бұл өзге бүлдіршіндер қабылданбайды деген сөз емес. Жалпы бұл мектепке дейінгі ұйым 240 балаға арналып салынған.

Әзірге бас қаладағы балабақшалар «кезекші топ» тәртібі бойынша жұмыс істеп жатыр. Яғни бала саны шектеулі. Әр топтағы бүлдіршін саны 15-тен аспауы тиіс.

Қазір Нұр-Сұлтан қаласында 377 мектепке дейінгі ұйым тіркелген. Оларда 55 мыңнан астам бала тәрбиеленеді екен. Егер қаладағы ахуал күрделеніп кетпесе, бөбекжайдың барлығы өз жұмысын маусым айында жалғастырады.

Хабар 24 телеарнасы