428,02 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстанда өнеркәсіпті дамыту қоры құрылады

  • 341
  • UPD: 19:08, 19.05.2020

Енді «отандық өнім шығарамын» деген кәсіпкерлерге 3%-пен несие беріле бастайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Үкімет шаруаларды қолдауға жіті мән беріп отыр. Микро және шағын бизнеске бет бұрғандар 20 млн теңгеге дейін қарыз ала алады. Тың бастамалардың барлығы экономикалық өсімді қалпына келтірудің кешенді жоспарына енгізілген.

Әлемде алыс-беріс азаяды. Әсіресе, шикізатқа сұраныс күрт төмендейді. Қазірдің өзінде қара алтын құны 50%-ке құлдыраған. Жағдай осылай жалғаса берсе, көп ел кедейліктің қамытын киеді. Қойнауда барын қазып, содан қазына толтырып келген біздің ел үшін сөзсіз қиын болғалы тұр.

Сондықтан Үкімет қам-қарекетке көшті. Экономикалық өсімді қалпына келтірудің кешенді жоспарын әзірледі. 

Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі:

- Жалпы кешенді жоспарда көзделген шаралар бірқатар салалардың белсенділігін қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Бұл салаларда 6 миллионнан аса адам жұмыспен қамтылған.

Маңызды құжат 10 бағыттан тұрады. Бірқатар саланы қамтиды. Билік өңдеу өнеркәсібіне басымдық беріп отыр.

Енді отандық өнім шығарамын деген кәсіпкерлерге 3%-пен несие беріледі. Олар өз тауарын экспорттайтын болса, жол шығынын мемлекет өтеп береді. Ол үшін өнеркәсіпті дамыту қоры құрылатын болды. Шенділер «шаруалардың шаруасын да ширатамыз» деп білек сыбанып отыр.

Руслан Дәленов, ҚР Ұлттық экономика министрі:

- Субсидияланатын шикізат санатын кеңейту жоспарлануда. Пилоттық режимде «Егістіктен – сөреге дейін» қаржыландыру тетігі енгізіледі. Бұл аграрлық өнімді тұрақты сатып алу және өткізу жүйесі.

Мұндайда микробизнес қағажу қалатын еді. Бірақ бұл жолы елеп-ескерді. Енді микро және шағын кәсіппен айналысамын дегендерге де несие беріледі. Олардың 20 млн теңгеге дейін қарыз алуына мүмкіндігі бар.

Абылай Мырзахметов, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы:

- Микробизнеске бірінші рет біздің тарихымыда көңіл бөлініп отыр. Өйткені біздегі кәсіпкерлердің 75%-і осындай микробизнеспен айналысады. Сол себепті оларға бірінші рет банктердің қатысуымен, Үкіметтің қолдауымен үлкен қомақты қолдау көрсетілейін деп отыр.

Мемлекет құрылысқа қарқын қосып, туризмді түлетіп, тіпті азаматтық авиацияның адымын алшаң қылуды көздеп отыр. Қауіпті кесел – елдің осал тұсын аршып берді. Енді биологиялық қауіпсіздікке ұқыптырақ қарайтын боламыз.

Руслан Дәленов, ҚР Ұлттық экономика министрі:

- Осы жылдың соңына дейін биологиялық қауіпсіздік жөніндегі кеңес құрылатын болады. Оған беделді ғалымдар мен сарапшыларды тартылады. Ұлттық санитарлық-эпидемиологиялық қызметті күшейту бойынша шаралар қабылданатын болады. Бұл материалдық-техникалық базаны нығайту.

Отандық бизнес – экономиканың күретамыры. Қазір қан жүгіртпесе, қабысып қалады. Сондықтан Үкімет елдің стратегиялық даму жоспарына өзгеріс енгізбек. Алдағы 5 жылда қандай қам қылатынымыз сол құжатта жазылады.

Авторы: Дастан Сейілханұлы

Хабар 24 телеарнасы