423,91 504.32 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Аймақтарда шектеу шаралары кезең-кезеңмен жеңілдетіліп жатыр

  • 442
  • UPD: 21:45, 19.05.2020

Еліміздің бірқатар аймақтарында карантин режимі жеңілдеп, әлеуметтік, шағын және орта бизнес нысандарының жұмысы қалыпқа келе бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазіргі уақытта облыстарда шектеу шаралары кезең-кезеңмен бәсеңсіп, арнайы жоспар әзірленген.

Мәселен, Ертіс өңірінде бизнес субъектілеріне қолдау мақсатында 5 млрд теңге бөлінді. Ал, Маңғыстау облысында блок-бекеттер алынып, көлік қозғалысы реттелді. Аймақтардағы шектеу шаралары жайлы тілшіміз әңгімелейді.

Ертіс өңірінде карантин режимі үш кезең бойынша жеңілдеді. Алғашқысында 33 мыңнан астам шағын және орта бизнес нысаны ашылды. Нәтижесінде мыңдаған жуық тұрғын бұрынғыша жұмыс істей бастады.

Ақмарал Есімханова, тілші:

- Ертіс өңірінде карантин режимі жеңілдегелі бері қоғамдық тамақтану орындары жұмыстарына біртіндеп кірісуде. Мәселен, бұл дәмхананың қызметкерлері жұмыстарын екі күн бұрын бастады. Режим жеңілдегеніне қарамастан, санитарлық нормалар қатаң сақталады.

Карантин кезінде бұл дәмхана бір ай бойы жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған. Осы уақыт аралығында қызметкерлер бос отырмай, тамақтану орнының даму стратегиясын әзірлеген.

Роман Прохоров, дәмхана әкімшісі:

- Қаржылық тұрғыдан қиындықтар болды. Сондықтан клиенттерімізді жоғалтып алмау үшін тағамдарды үйге жеткізу қызметін қолға алдық. Осылайша, жұмыскерлерімізді қысқартқан жоқпыз.

Ал, жеңілдеудің үшінші кезеңі 24 мамырда басталмақ. Қазіргі уақытта тағы 800-ден астам нысанның жұмысы тоқтап тұр.

Зәмзәгүл Дощанова, облыстың бас санитарлық дәрігері:

- Карантин режимінің үшінші кезеңіне ауысу үшін инфекцияны жұқтыру өсімі 2%-тен аспауы керек. Оған қоса, жалпы аумағы 2000 шаршы метрден асатын объектілер санитарлық ережелерді сақтауы тиіс. Егер эпидемиологиялық жағдай тұрақты болса, ірі сауда және қызмет көрсету орындары жұмыстарын қайта бастайды.

Карантин кезінде түркістандық халыққа қызмет көрсету орталықтары да жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. Енді жұмыс бұрынғыдай емес, жаңа форматта жүргізілмек. Арақашықтықты сақтау және қорғаныс құралдарын пайдалану. Келушілерге осындай талап қойылады. Жұртшылыққа 97 қызмет түрі қолжетімді.

Амантай Егембердиев, «Азаматтарға арналған үкімет» МК облыстық филиалының өкілі:

- Ал қалған электронды қызметтердің баршасын халық өздерінің үйлерінде немесе қазір халыққа қолайлы жағдай жасау мақсатында өз-өзіне қызмет көрсету бұрыштарын ашып жатырмыз жан-жақтан. Сол жақтан ала алады. Енді біз халықтың жиналған толқынына қарай бақылаймыз. Егер де адам саны тағы да көбейетін болса, басқа да жерлерден ашуды жоспарлаудамыз.

Ал, Ақтөбе облысында тосқауыл бекеттерінің саны 28-ден 19-ға азайды. Әзірге тексеру пункттері Ресей шекарасына апаратын жолдарда қалған. Бүгінде дертке қарсы күрес штабы облыс аудандарының арасындағы қатынасты қайтадан жандандыруға рұқсат берді. Бірақ тәртіп өзгерген жоқ.

Ардана Саймағамбетов, Ақтөбе облыстық ПД ЖПБ бастығы:

- Барлығы блок-бекеттерде бұрын 369 адам жұмылдырылған болса, қазіргі таңда бұл қысқартылған блок-бекетте 211 адам жұмыс жасады. Оның 127 полиция қызметкерлері, 42-і СЭС қызметкерлері және 42-і жергілікті атқарушы орган қызметкерлері.

Айта кетейік, карантин кезінде қызмет көрсету субектілерінің жұмысының алгоритмдері өзгертілді. Яғни, нысандар санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды қатаң сақтаулары шарт.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Әнуарбек Мырзатайұлы Мансұр Есқожин, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы