411,54 452,40 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


СҚО-да балық қырылып жатыр

  • 69
  • UPD: 21:42, 19.05.2020

Солтүстік Қазақстан облысында балық қырылып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мағжан Жұмабаев ауданына қарасты Полудино ауылы маңында орналасқан Питное көлінде шамамен 500 келі мөңке балығының өлексесі жағаға шығып қалған. Қазір осы оқиғаға байланысты өңірде комиссия құрылды.

Питное көлінің жалпы аумағы – 600 гектар. Мұнда тек мөңке балығы мекендейді. Су қоймасын өткен жылы Азамат Самаратов жалға алыпты. Айтуынша, қыс мезгілініде тиісті жұмыстардың барлығы уақытылы жүргізілген.

Азамат Самаратов, көлді жалға алушы:

- Осыдан үш күн бұрын балықтың өлекселері табыла бастады. Желтоқсан айының екінші жартысынан бастап аэрация жұмыстарын жүргіздік. Су маржандарына оттегі жіберу үшін қыс бойына шамамен мыңнан астам ұңғыма ойдық. Әзірге неден қырылғандары белгісіз.

Қазір мамандар жағалаудағы өлекселерді жинауда. Олардың жалпы салмағы шамамен жартты тоннаға жуықтап қалған. Санитарлық талапқа сай олар өртелетін болады. Ал, тұрғындарға көлде қармақ салуға тыйым салынды.

Самат Қайырденұлы, тілші:

- Қатты соққан жел балықтарды жағаға шығарып жатыр. Нәтижесінде табиғат жанашырлары оларды дер кезінде жинап алуда. Мұнымен қоса балықтар құстарға да жеп болып жатыр.

Осы фактіге байланысты тексеріс басталды. Мәселенің ақ-қарасын ветеринарлар, экологтар, төтенше жағдайлар қызметінің мамандары мен табиғат жанашырлары анықтайды.

Ерлан Тәшімов, Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы:

Бұл оқиғаға қатысты арнайы ведомствоаралық комиссия құрылды. Жауаптылар су мен балықтан сынама алып, қазір зертханада сараптама жүргізуде. Нақты нәтижесі алдағы 4-5 күнде белгілі болады.

Мамандардың болжамы бойынша аталған су қоймасында 75 тоннадан астам балық бар.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев

Хабар 24 телеарнасы