423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматыда 466 кәсіпорын жұмысын бастады

  • 331
  • UPD: 08:13, 20.05.2020

Жиырмасыншы сәуірден бері Алматыда  466  кәсіпорын жұмысын жандандырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы қалалық Кәсіпкерлік және инвестициялыр басқармасының өкілдері хабарлады. Рұқсат тек санитарлық талаптарды орындаған завод-фабрикаларға ғана беріледі.

Көпір құрылымдарын жасайтын завод алғашқылардың бірі болып аудиттен өтіпті. 17 сәуір күні комиссияның қорытындысын алып, 20 сәуірде жұмысты бастайды. Алғашқы кезеңде 240 адам жұмысқа шыққан. Ал 25 мамырдан бастап тағы біраз қызметкер заводқа оралады. Бірақ тікелей өндіріске қатысы жоқ жұмысшылар әлі қашықтан еңбек етеді.  

Шухрад Шардинов, заводтың бас директоры:

– Санитарлық талаптарды орындау үшін 5 мыңнан астам медициналық бетперде, 50 термометр сатып алдық. Дезинфекциялық душ орнаттық. Завод ішінде санитарлық ережелерді сақтау туралы өзіміздің бұйрықтарымызды жарияладық. Күніне екі рет жұмысшылардың денсаулығы тексеріліп тұрады. Технологиялық процесті санитарлық ережелерді ескере отырып жасадық.

Індеттің кесірінен 1,5 ай тоқтап тұрған завод енді өндірісті қалпына келтіруді жоспарлап отыр. Қазақстандағы ірі «Ай-ти»компания да сәуір айының соңында аудиттен өтіп, қазір жұмысқа кірісті.  Дегенмен конвеердегі жұмысшылардың арақашықтығы бұрынғыдан үлкейген. Түскі ас ішетін кезде де бір үстелге бір адамнан ғана отырады. Ал дене қызуы көтерілген қызметкерлер бірден санитарлық блогқа жатқызылып, жедел жәрдем шақырылады.

Юрий Хакилиди, заводтың бірінші вице-президенті:

– Коронавирус көп зиянын тигізді. Өндіріс тоқтап қалды. Қоймалар жабылып, жүкті жөнелте алмай қалдық. Өндіріске қатысы жоқ кейбір жұмыстар ғана қашықтан атқарылды. Індеттің кесірінен келісімшарттарды кейінге шегеруге мәжбүр болдық.

Жұмысын жандандырған 466 өнеркәсіп кәсіпорнының 64-ті ірі және орта, қалғандары шағын өндіріске жатады. Оларда қазір 25 мыңға жуық жұмысшы еңбек етуде. 

Дархан Сағымбеков, қалалық кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы өнеркәсіп бөлімінің басшысы:

– Жұмысын жандандыруға негізгі талап ол аудиттан өту болып табылады. Өтініштер электрон мекенжайға жіберіледі. Берілген өтініштерге сәйкес, жұмыс органы шығады да акттер береді. Жұмысын жандандыруға рұқсат беріледі.

Бірақ санитарлық талапты толық орындамаған кәсіпорындар кемшіліктерін түземейінше аудиттен өте алмайды. Қазіргі уақытта тағы 25 кәсіпорынның өтініші комиссия қарауында жатыр. Олар бойынша шешім жақында қабылданады. 

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Сержан Жұмабаев

Хабар 24 телеарнасы