2020 жылы республикалық маңызы бар жолдардың 1089 шақырымы қалпына келтіріледі.
Былтыр бұл көрсеткіш 1101 шақырым болған еді.
Жолдардың 546 шақырымы ресайклинг әдісімен жөнделсе, 287 шақырым жол кедірлі-бұдырлы беттік өңдеумен қамтылады. Ал 172 шақырым жолдың асфальт-бетон жабындысы жаңартылып, 85 шақырым жол микросюрфейсинг технологиясымен жөнделеді.
Биыл жөнделетін жолдардың біразы Қарағанды облысына тиесілі болмақ. Мұнда Қызылорда – Павлодар – Успенка – РФ шекарасы, Қызылорда – Павлодар, Жайрем – Қаражал – Атасу, Жезқазған – Петропавл, Ақшатау – Ағадыр – Ортау, Қызылорда – Павлодар, Нұр-Сұлтан – Қабанбай батыр – Энтузиаст – Киевка – Теміртау және Қарағанды – Аягөз – Тарбағатай – Бұғаз жолдары жөнделеді деп жоспарланған. Орташа жөндеуден өтетін жолдардың жалпы ұзындығы – 279 шақырым.
Орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетін жолдардың ұзақтығы бойынша екінші орында Қостанай облысы тұр. Өңірде биыл 110 шақырым жол жөнделеді. Атап айтқанда, Денисовка – Жітіқара – Мықтыкөл – РФ шекарасы, Мамлютка – Қостанай, РФ шекарасы (Екатеринбург) – Алматы жолдары жөндеуден өтеді.
Ақмола облысында жолдардың 107 шақырымы жаңартылады. Жөндеу жұмыстары Көкшетау – Атбасар, Нұр-Сұлтан – Петропавл, Көкшетау – Кішкенекөл – Бидайық – РФ шекарасы (Омбы), Бурабай курорттық аймағына апаратын жол, Көкшетау бұрма жолы және Нұр-Сұлтан – Ерейментау – Шідерті жолдарында жүргізіледі.
Еске салайық, Қазақстандағы республикалық маңызы бар жолдардың жалпы ұзындығы 24888 шақырымды құрайды.
Ақпарат көзі: ҚР ИИДМ баспасөз қызметі