410,33 456,25 5.75
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҚО-да тұрмыстық зорлық-зомбылық өршіп барады

  • 139
  • UPD: 14:48, 20.05.2020

Батыс Қазақстан облысында тұрмыстық зорлық-зомбылық өршіп барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әдетте тиісті орындарға шағым түсіретіндер күйеулерінен таяқ жеген әйелдер екен. Қорғансыздың күйін кешкен оларды қолдау мақсатында жуырда облыстық сотта «Зорлық-зомбылыққа жол жоқ» атты ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды. Енді ішімдік ішіп жұбайына жұдырық ала жүгіретіндер қатаң бақылауда болмақ.

32 жастағы қала тұрғыны Әдемі жұбайымен өткен жылы ажырасқан. Өйткені отбасылық өмірдің қызығынан гөрі шыжығын көбірек көріпті.

Әсел, қала тұрғыны:

– Соңғы ретте мені ұрып-соққаны сонша жерге құлап түстім. Ол тепкілей бастады. Тіпті болмаған соң, терезені ашып төменге секіріп кеткім келді. Тек үш жасар қызымды көргенде ол ойымнан айныдым.

Мұрны сынып, өзге де дене жарақатын алған келіншек болған жайтты бір жылдан соң жария қылды. Оған зорлықшыға еш шара қолданылмауы себеп болыпты. Өйткені күйеуі полиция қызметкері екен. Құқық қорғау органдары арызды жылы жаба салған. Әлімжеттік туралы әлеуметтік желіге жазылған соң ғана іс қайта қаралып, полиция капитаны Жексенов қызметтен қуылған, тергеу амалдары басталған. Тәртіп сақшыларының өзі осындай оспадарлыққа барса, өзгелер қайтсін?! Жыл басынан бері қалада тұрмыстық зорлыққа қатысты 466 оқиға тіркелген. Өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш екі есе өскен.

Ақтоты Көшкенова, қалалық жергілікті полиция қызметінің аға инспекторы:

– Адам өлтіру бір факті орын алса, 106-шы баппен денеге қасақана ауыр жарақат бір фактіге, ал 107-бабымен денеге орташа деңгейдегі ауыр зиян келтіру екі факті болды. Мұндай қылмыстардың басты себебі, маскүнемдік және жұмыссыздық.

Байынан таяқ жеп, баспанасынан қашып шыққандардың барар жері дағдарыс орталығы. Карантинге байланысты мекеме қазір жабық болғанымен, алғашқы тоқсанда мұнда 23 әйел бас сауғалапты.

Талшынай Жүнісова, дағдарыс орталығының директоры:

– Көбіне әйелдер келеді балаларымен. Бірақ ол зорлық-зомбылық көрсеткен отағасы үйінде қалады. Ол сол әрі қарай ішімдігін ішіп жалғастыра береді. Сондықтан менің ұсынысым, егер де қоңырау түскен жағдайда сол зәбір көрсетушіні алып кету. Яғни, отбасына зақым келтіріп отырған адамды алып, ана мен бала үйінде қалу керек деп ойлаймын.

Талшынай Жүнісова осы және өзге де ұсыныстарын жуырда облыстық соттың жанынан құрылған ведомствоаралық жұмыс тобының отырысында жария етті. Аталған топ тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты оқиға орын алған отбасыларды қатаң қадағаламақ.

Марат Сисенғали, қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы:

– Осы топтың құрамына отбасы мәселесімен айналысушы үкіметтік емес ұйымдардың, мүдделі мекемелердің өкілдері енді. Біздер тұрмыстық құқық бұзушылық тіркелуі мүмкін 30 жанұяны анықтадық. Егер бұрын әр мемлекеттік орган өзінше әрекет етсе, енді олардың барлығы бірге тізе қосып қимылдайды.

Сондай-ақ өңірде тұрмыстық зорлық-зомбылық әрекеттерін жасауы ықтимал азаматтардың да тізімі  жасалып, олардың мекенжайлары ұдайы бақылауда болмақ. 

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Р. Ғазезов

Хабар 24 телеарнасы