426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қалалар мен облыс орталықтарында бейбіт жиын өткізетін арнайы орындар болады

  • 320
  • UPD: 20:43, 20.05.2020

Шаһардың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін инфрақұрылымға кедергі келтірмейтін жер таңдалады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәжіліс Сенат енгізген түзетулерді қарап шығып, заң жобасын мақұлдады. Депутаттардың пікірінше, заңның жалпы мазмұны өзгермейді. Керісінше, жекелеген нормалары жетілдірілген.

Сенат 6 бап бойынша 16 өзгеріс енгізген еді. Түзетулердің дені құқық қорғау саласына қатысты болатын. Мәжіліске қайтып келген заң жобасын қайта қараған депутаттар түзетулер орынды деді. Сөйтіп, бейбіт жиынға қатысушылар үшін ыңғайлы орындар болады. Заңда тараптардың міндеті мен құқығы айтылған. Жиналғандар қоғамдық тәртіпті сақтауы тиіс, ал қадағалаушылар қатысушылардың құқығын бұзбағаны абзал.

Қанат Мусин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Бейбіт жиналыстар өткізу туралы хабарлау тәртібі өзгерді. Рұқсат сұрамай, ескертумен шектеледі. Кемінде үш орын болса, ұйымдастырушылар соның бірін таңдай алады. Өтетін күнін және дәл уақытын әкімдікке хабарлайды. Айтылған уақытта өткізе алады. Аяқ астынан шешім қабылдап, асығыс өткізуге болмайды. Бұл туралы заңда жан-жақты айтылған.

Владимир Волков, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Қолданыстағы заң Конституцияны қабылдағанға дейін, яғни 1995 жылдың наурыз айында бекітілген еді. Оның мазмұнында шектеу көп болды. Заңға сейкес, бейбіт жиын өткізуге рұқсат беру құқығы мәслихатқа тапсырылды. Яғни әр өңірде оның құқықтық регламенті әртүрлі болды. Екіншіден, Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде БҰҰ-ның құрамына кіргеннен кейін, адам құқығын қорғау жөнінде біраз міндеттеме алды. Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында заңды жетілдіруді міндеттеді. Сөйтіп, Үкімет, Мәжіліс және Сенат халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, азаматтық қоғамның пікірін ескеріп, ұзақ талқылаудан кейін жаңа заңды қабылдамақ.

Егер қатысушылар күш қолданып, бүлік шығарса, митинг тоқтатылады. Ал өзге заңбұзушылықтар дер кезінде жойылса, жиынды жалғастыруға рұқсат етіледі. Өзгелердің өмірі мен денсаулығына қауіп тудыратын жағдайларға жол берілмейді. Нәсілдік, ұлттық, әлеуметтік және діни алауыздыққа тыйым салынады. Айтпақшы, митингке қатысушыларға бетперде тағуға рұқсат беріледі. Бастапқыда тыйым салу туралы айтылған еді.

Алуа Жолдыбалина, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бөлім басшысы:

– Одан кейін құзыретті орындарға қатысты көптеген бап, мысалы, бет әлпетін жасырмау, адам тануға кедергі болатын заттарды пайдаланбауды талап ету міндетіне Сенат келіспеді. Оны алып тастады.

Сенаттың заң жобасын кері қайтаруы оның сапасын арттырды дейді саясаттанушылар. Және бұл демократиялық үрдістің дамып жатқанын көрсетеді.

Ерлан Саиров, саясаттанушы:

– Менің ойымша, демократия дегеніміз, келісімдер мен процедуралар. Міне осындай палаталардың арасында келісімдер мен процедуралар көп болатын болса, онда біздің елде демократияның әдістері мен тәсілдері еріп келе жатыр деуге барлық негіз бар.

Әсел Назарбетова, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бөлім басшысы:

– Осы заң жобасында бекітілген, енгізілген жаңа нормалар арқылы Қазақстан азаматтарының конституциялық құқықтарын қамтамасыз етуге мүмкіндіктер жоғарылайды.

Президенттің «еститін мемлекет» тұжырымдамасын енгізудегі мақсаты да осы еді. Халықтың үні билікке жетіп, талап-тілегі дер кезінде орындалса деген. Заң жобасын дайындаған ақпарат және қоғамдық даму министрлігі халықаралық стандартқа сүйенгендерін айтты. Яғни бейбіт өтетін жиын кезінде ой-пікіріңді ашық айтуға мүмкіндік бар.

Авторы: Ақсәуле Байменшина

Хабар 24 телеарнасы