399,51 448,90 5.81
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордадағы кинотеатрлар мен балаларға арналған ойын-сауық орындары әзірге ашылмайды

  • 73
  • UPD: 20:44, 20.05.2020

Бүгін елордадағы сауда ойын-сауық орталықтары ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл карантинді жеңілдету шараларының бірі. Бірақ кинотеатрлар мен балаларға арналған ойын-сауық орындары әзір қызмет көрсетпейді. Жалпы кәсіпкерлерге қандай талап қойылды?

Елордалықтар шоппингті сағынып қалыпты. Басқаша қалай айтуға болады? Жұмыс күні әрі сауда үйлерінің ашылғаны бүгін ғана, соған қарамастан халықтың қарасы қалың. Бұл бір ғана мысал.

БЛИЦ:

– Үш балам бар. Олар өсіп жатыр. Интернет арқылы киімдерді алып көрдік. Бірақ ол тиімсіз. Қазір бәрімізге киім алып алып, кейін шықпауды шешіп отырмыз. 

– Қуанып жүрміз. Балаларға киім алыпжатырмыз. Санитарлық талаптардың барлығын сақтап жатырмыз. Рақмет.

– Бәріміз үйде отырдық. Қазір киім алу керек, аяқ киім алу керек.

Бастысы, санитарлық талап сақталуы керек. Келушілер мен сауда орталығының ұжымы маска мен медициналық қолғап киюге міндетті. Жоқ болса, қапаланбаңыз. Сатылымда бар. Антисептик те қойылған. Ал кіреберістегі заманауи тепловизор үздіксіз келіп жатқан адамдардың дене қызуын дөп басып, анықтай алады. Ал келуші қауым шынында да көп.

Сандуғаш Жолмағанбетова, сатушы:

– Күткен жоқпын. Мен де шыдай алмай, үйде отырар едім, егер бүгін жұмыс күнім болмаса. Бірақ қуаныштымын ашылып жатқанына. Тіршілік басталды.

Қалалық бас санитарлық дәрігердің қаулысына сай киім бутиктеріне бір мезетте бес адамнан артық кіруге болмайды. Бірақ көріп тұрғандарыңыздай, дүкендерде бес емес, 25 адам жүрген сияқты. Балаларымен келгендері қаншама.

Қанат Төребаев, сауда ойын-сауық орталығының директоры:

– Біз қаулы талаптарын орындаймыз. Әлеуметтік қашықтық сақталады. Бірақ аумағы 1600 шаршы метрге дейін жететін дүкендеріміз бар. Біз сөре, техникалық жабдықтар орналасқан аумақты алып шегеріп тастап, қалған бос аумақты екіге бөлу арқылы адамдарды қабылдап жатырмыз. Бұл бәрімізге ортақ жауапкершілік. Сондықтан әлеуметтік қашықтық міндетті түрде сақталады.

Әзірге сауық-сайран құратын орталықтар мен кинотеатр, тіпті әдетте ұзын-сонар кезек байқалатын фут-кордтар жұмыс істемейді. Ал санитарлық талаптардың орындалуын жедел штаб өкілдері қадағалайтын болады.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Нұрғали Мамырбаев

Хабар 24 телеарнасы