412,55 465,50 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістанда тұтас ықшам аудан сусыз, газсыз және жолсыз отыр

  • 173
  • UPD: 22:03, 20.05.2020

Түркістанда өркениеттен жұрдай шағын аудан бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ауызсу, көгілдір отын тартылмай, жолы салынбаған елді мекен тұрғындары жергілікті билікке базынасын талай рет жеткізген. Бірақ әкімдік міз бақпайтын көрінеді. Коммуналдық қызметтің игілігін көрер күн жақын ба?

Бекзат Саттарханов атындағы қаладағы басты көшеге жапсарлас орналасқан шағын ауданға 8 жыл бұрын көшіп келген Мұратбек Тұраров ауызсудың азабын тартып келе жатқанын айтады. Көрші-көлем бірігіп, өз күштерімен ұңғы қазып, суды құдықтан тартып ішіп отыр екен.

Мұратбек Тұраров, қала тұрғыны:

– Қазір құдығымыздың да суы тартылып жатыр. Өйткені көгалдандыруға 500 метр сайын артезиан қазылған. Сол қосылған кезде, құдықта да су болмай, судан тарылып жатырмыз. Кернеулілік мүлдем жоқ, кешке сығырайып қалады.

Сусап отырған жұртты жолдың жайы да мазалайды. Ауа райы құрғақ кезде шаңы аспанға көтерілетін сүрлеулермен жауынды күні жүру тіпті мүмкін емес. Иленген балшық белуардан келеді. Бұл аумақта жарық та жоқ еді, электр бағаналарын тұрғындар өздері жүргізіп алды.

Ермек Сейдахметов, қала тұрғыны:

– 2008 жылдан бері әкімдік тарапынан жылда өтініш жазып барамыз. Қаралып жатыр, келесі жылдың бюджетіне саламыз деп қайтарады. Жылда сондай. 2020 жылы өтініш жазып барсақ, былтыр неге жазбадыңдар дейді.  

Инфрақұрылым тартылу жайын білмекке қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөліміне бардық. Бірақ әкімдік мамандары мардымды жауап айта алмады.

Нұрсұлтан Жарасов, қалалық ТҮКШ бөлім басшысы:

– Жобаға сәйкес бір жарым миллиард теңге сумманы құрайды. Оны қаланың немесе облыстың бюджеті көтермейді. Сондықтан біз оны республикалық бюджетке ұсынамыз. Егер республикалық бюджеттен ағымдағы жылы қолдау тауып, қаржыландырса, құрылысын осы жылы бастаймыз. Немесе 2021 жылға қалдырса, келесі жылы құрылысын бастап, 100% ауызсумен және сапалы электр қуатымен қамтамасыз ететін боламыз.

Ықшамауданға асфальт төселетін күн де белгісіз. Сала мамандары алдымен су құбыры тартылады, артынан жол төсеуге кірісеміз дейді. Сондықтан тұрғындарға тек сабырмен күту қалып отыр.  

Авторлары: Қамбар Бекенов, Рауль Ғабитов, Ерболат Әбішов

Хабар 24 телеарнасы