399,51 448,90 5.81
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Карантиндік шектеулер қылмыс санының азаюына ықпал еткен

  • 97
  • UPD: 23:38, 20.05.2020

Карантин кезінде елімізде қылмыс едәуір азайған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кей өңірлерде ұрлық пен бұзақылық, тонау фактілері 38 процентке дейін төмендепті. 

Алайда қиын кезеңді пайдаланған алаяқтар интернет саудасында бірнеше адамды тақырға отырғызып кетті.

Қостанай облысында жыл басынан бергі қылмыс 38 процентке азайды. Көше мен қоғамдық орындарда тәртіп бұзу, бұзақылық жасау бұрыңғыдай байқалмайды. Дегенмен өңірде интернет алаяқтардың арбауына түскендер аз емес. Және отбасылық жанжал көбейген.

Кенже Қонысбай, облыстық ПД баспасөз қызметінің бас маманы:

– Отбасылық жанжалға басты себеп – ішімдік. Көп жағдайда әйел адамдар зардап шегіп жатыр. Және де интернет желісінде, әлеуметтік желілерде тараған алаяқтық. Яғни жоқ дүниені сату арқылы азаматтар, тұрғындар алданып қалып жатыр.

Ал Қарағанды облысында соңғы екі айда тұрмыстық зорлық-зомбылық екі есеге кеміген. Қарақшылық, тонау 7 есеге қысқарды. Жалпы өңірде төтенше жағдай режимін бұзған 1700-ден астам адам әкімшілік жауапқа тартылса, соның 300-ден астамы қамауға алынды.

Әбіл Әбілдин, облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары:

– Полиция қызметкерлері карантин кезінде күшейтілген жұмыс тәртібіне көшті. Қоғам тыныштығын қамтамасыз ету үшін көшеге шығатын тәртіп сақшылары бірнеше есеге көбейді. Саябақтар, аллеялар, аулалар қатаң бақылауға алынды. Соның арқасында осындай нәтижеге жеттік. Бірақ мұнымен тоқмейілсуге болмайды, бұдан әрі де қылмысты азайтуға күш саламыз.

Ал павлодарлық тәртіп сақшылары интернет арқылы оңай олжа таппақ болған екі азаматты қолға түсірді. Олар сайттарға көліктердің қосалқы бөлшектерін сату туралы хабарлама жазып, халықтан соманың бір бөлігін алдын ала талап еткен. Осылайша, алаяқтар үйде отырып-ақ нәпақа тапқан. 10 адам олардың құрбанына айналды. Сонымен қатар, 39 есірткі қылмысының беті ашылды. Заңсыз айналымнан 250-ге жуық есіртікі заты алынды.

Жасқайрат Қайыров, облыстық ПД бастығының бірінші орынбасары:

– Карантин кезіндегі жұмыс тәжірибемізді алдағы уақытта да қолдануды көздеп отырмыз. Ведомствоаралық жиында өңірдегі ойын-сауық орындарының жұмысын түнгі сағат 23.00-ге дейін шеутеуді ұсындық. Ал түнгі дүкендердің жұмысын тоқтатқан жөн деп шештік. Тәжірибе көрсеткендей, түнгі уақытта ішімдік сатылмаса, қылмыс та азая түсті.

Еліміздің солтүстігінде криминогендік ахауал тұрақты. Бір жарым айдың ішінде қылмыс 20% кеміді. Өңірде осы аралықта 191 ұрлық тіркелген. Бұл карантин енгізілудің алдыңғы уақытымен салыстырғанда біршама төмен.

Сәуле Андағұлова, облыстық ПД штаб бастығы:

– Қылмыс саны 20 пайызға дейін төмендеді. Төмендеудің негізгі үдерісі қоғамдық орындарында және алкагольдік мас күйінде жасалған қылмыстардың арасында тіркелді.

Тағы бір жағымды жаңалық. Төтенше жағдай режимімен карантин кезінде өңірде адам өлтіру фактісі мүлдем тіркелген жоқ. Ал жыл басынан бері наурыз айының соңына дейін Солтүстік Қазақстан облысында 11 азамат қаскөйлердің қолынан қаза тапқан екен.

Авторы: Самат Қайырденұлы

Хабар 24 телеарнасы