426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Таразда былтыр төселген жолдар ойылып жатыр

  • 385
  • UPD: 15:05, 21.05.2020

Таразда былтыр ғана төселген жолдар ойылып, шұңқырға айналып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кейбір көшелерде асфальт үстінен шөп шығып, жарықтар пайда болған. Тұрғындар жолдардың сапасыздығына шағымданып, дабыл қағуда. Жұрт мердігерлердің жұмысы әкімдік тарапынан мүлдем бақыланбайды деп қапалы. «Ал, тиісті қадағалаудың жоқтығынан қу қалтаның қамын ойлаған компаниялар білгенін істейді. Нәтижесінде мемлекеттің қаржысы желге ұшып, «арызқой» деген жаман ат елге тиіп жатыр», дейді олар.

«Арай» алқабындағы Марау ана мен Майлықожа көшесіне жол былтыр күз айларында төселген. Жаңа жолдың қазіргі жағдайы, міне, мынадай күйде. Бір жылға жетпей сапасы сыр беріп жатыр.

Нұржан Үкібаев, қала тұрғыны:

Мінекей жолдың сапасы. Көріп отырсыңдар ғой. Шұңқыр. Мынау су үймелеп жатқанның бәрі шұңқыр болып кетті. Барлығы шұңқыр. Қайта-қайта ақшаны кім төлейді бұған. Ешкім төлемейді. Істеген жұмыстары мынау.

Ұлттық сапа орталығының мамандары жол сапасын оңай анықтап берді. Асфальттің қалыңдығын өлшеп, бірден сынама алды. Технология сақталмаған.

Қадіржан Мырзаев, Ұлттық жол активтері сапасы орталығының инженері:

- Бірден көрініп тұр ғой. Мынау негізі дайын емес. Негіз дайындамаған. Сол бойынша жол төсемінің шөгуі болды.

Мердігер компания өкілдері «жұмыс сапасына үш жыл кепілдік бергенбіз» деп отыр. Кеткен кемшілікті қалыпқа келтіріп, маусым айында істеп бермек. Бірақ жұрт бұған күмәнмен қарайды.

Нұржан Үкібаев, қала тұрғыны:

- Бір жерді жақсылап істемей жатып, екінші тендерге қатысады. Мәселе сол болып тұр ғой. Бұл тендерден тендерге кете береді. Өстіп, халықты жылатып кете береді, кете береді. Ақшаны ала береді. Ал ел, қара халық осылай қалады болды.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Бұл бұл ма?! Дәл осы көшеге жолды салған компания кәріз, ауыз су жүйесінің құдықтарын көріп тұрып, үстінен асфальт төсеп кеткен. Жол салу кезіндегі былықты сезді ме, әйтеуір жауапты техникалық қадағалаушы маман келмей қойды. Ал, тапсырыс беруші әкімдіктің өкілдері құрылыстың бел ортасында жүріп, мүлдем құдық көрмепті.

Бір рет болса да құрылыс басына келдіңіздер ме? Жасалып жатқанын көрдіңіздер ме?

Дамир Айманов, қалалық ткш бөлімінің сектор меңгерушісі:

Бір рет емес, бірнеше рет келдік қой. Екі-үш күн сайын келіп тұрамыз ғой. Аралап тұрамыз. Ол кезде болған жоқ. Люктар байқалған жоқ.

Юлия Капустина, «Айя-Сервис» ЖШС директорының орынбасары:

-Жобаны жасаған кезде қиыршық тастан төселген жол деп көрсетілген. Проблема осы жерден туындаған болуы мүмкін. Ал, асфальт төсеуге жобалау жұмыстары кейін жүргізілген. Біз жобада көрсетілген талаптарды өз тарапымыздан орындадық.

Төтенше жағдай алынып қазір қалада жол салу, жөндеу науқаны қызу жүріп жатыр. Ал, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандарына тұрғындар тарапынан жол сапасына қатысты шағымдар көбейген.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

Бір ғана мысал келтірейікші. Біз қазір Шестокович көшесінің бойында тұрмыз. Бұл көшеде қазір ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Міне, жолдың мына бір бөлігін жаңа ғана мамандар тексерді. Жаңадан жөнделген. Міне, қолмен ұстасаң, уыстап ұсталады. Бассаң, былқылдап тұр. Мамандардың айтуынша, енді бір жауыннан кейін дәл осы жол, міне, мынадай шашылған күйге түседі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдерінің айтуынша жол салу кезінде техникалық қадағалаушы, мердігер және тапсырыс беруші арасында бизнес жүйе толық сақталмаған. Жүргізілген мониторинг дәл осы мәселе жолдың сапасыз салынуына тікелей әсерін тигізіп отырғандығын көрсетіп отыр. Енді жол сапалы төселмеген жағдайда техникалық қадағалаушы маман да жауапқа тартылмақ. Сондай-ақ мердігер де, тапсырыс беруші де ұлттық сапа орталығымен келісімшартқа отыруы тиіс. Бұл жол саласындағы жұмысты жүйелей түсуге мүмкін береді.

Равиль Төлебаев, ҚР СЖҚҚА ЖОБ департамент басшысының бірінші орынбасары:

- Олар келісімшартқа отырмай тұр. Орталықпен келісімшарт болса, онда орталық үнемі шығады да, асфальттің сапасына жәнеде салу механизмдерінің сақталуына толық бақылау жүргізеді да, өзінің қорытындысын беріп отырады. Сонда мердігер сол ұсыныстарды орындамаса, онда тапсырыс беруші оның жұмысын қабылдамайды. Ондай ұсыныс берілді. Бірақ өкінішке орай ұсыныс орындалмай жатыр.

Былтыр Таразда бір жарым миллиард теңгеге 78 шақырымнан астам жол жөнделген. Қазір олардың арасынан сапасыз істелгендері шығып жатыр. Ал, биыл 96 көше және 4 көшенің бойындағы жаяу жүргіншілерге арналған жол жөнделмек. Бұл бағытта 3,3 миллиард теңге қарастырылып отыр. Енді осы ауқымды жобалар сапалы іске асырылса игі.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы