421,58 498,90 5.57
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматының блок-бекеттерінде кептеліс сейілген жоқ

  • 343
  • UPD: 15:35, 21.05.2020

Алматыдағы блок-бекеттерде тәртіп күшейтілді. Өйткені қалаға ағылатындар саны күрт көбейіп кеткен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тіпті кейбірі заңсыз өтіп кетіп те жатыр. Көліктердің көптігінен бақылау бекеттерінде ұзын-сонар кептеліс.

Гүлжан Көленқызы, тілші:

- 20-шы блок-бекет қаланың батысындағы күре жолда орналасқан. Бұл жол қалаға ең көп көлік кіретін транспорттық дәліз саналады. Алматыда карантин тәртібі жеңілдетіліп, жұмыс орындары ашылғалы бері блок-бекеттерде автокөліктер сағаттап кептелісте тұруға мәжбүр.

Жүргізушілердің мұнша шыдамсыздық танытатын жөні де бар. Күн ыстықта, көлікте отыру да оңай емес. Жәй уақытта да кептелістен көз ашпаған Алтын Орда базарының маңынан өту қазір тіпті қиын.

Блиц 1:

Жағдай өте нашар, екі сағат болды жүріп келе жатқанымызға.

Блиц 3:

- Әдеттегідей уақытта жарты сағатта өтіп кететінбіз. Қазір екі сағат болды жүріп келе жатқанымызға.

Блиц 4:

- 07:26-да Асыл Арманның алдына келдім. Қазір 09:30 болды. Осы жүрісіміз. Осылай енді амал жоқ, тіршілік жасау керек. 42 мың теңге бітті, ары қарай бала-шағаны бағу керек.

Қалалық жедел штабтың мәлімет базасына енген көліктерді өткізу бар болғаны 20 секунд уақытты алады, - дейді полиция өкілдері. Кептеліс тудырып жатқандар - жұмысы болмаса да қалаға негізсіз кіргісі келетін азаматтар.

Жандос Мұратәлиев, қалалық әкімшілік полиция басқармасының басшысы:

- Кептелістің ең басты себебі, мына төтенше жағдай шешілді. «Алматы ашылды, Алматыға барамыз, жұмыс іздейміз, себепсіз Алматыға келіп, ойлады кейбірі, кафе-мейрамханалар ашылған шығар, жұмысқа шығамыз» деген азаматтар осы кептеліс жасап жатты. Бұл үлкен жол. Күніне 7-8 мың көлік кіріп-шығады. Карантин бітіп шешілмейінше білесіздер, кептеліс болады, мұны азаматтар түсінуі керек. Ең бастысы, ауруды жеңіп, күресіп, ары қарай болдырму үшін ұйымдастырылып жатқан шара.

Көліктерден бөлек, қалаға кіруге асыққан жаяу жүргіншілер де көп. Олардың бірі ауруханаға бара жатса, бірі отбасылық жағдайымен қалаға кірмек ниетте. Бірақ мұнда да тәртіп қатаң. Тек тізімде барлар өткізілуде. Алайда, мұндағылар арақашықтықты сақтауды ұмытқан.

Блиц 1:

- Магнумге азық-түлікке бара жатырмын.

Блиц 2:

- Емделейін деп қалаға. Рұқсат қағазым бар, анықтамам бар.

Қаланың шығыс күре жолындағы 13-ші блок-бекеттегі жағдай да осындай. Мұнда да тәртіп күшейтілген. Себебі, жол ережесін бұзып, кептелістің алдын орап, қалаға кірмек болғандар көбеюде. Сондықтан бекетке қосымша тәртіп сақшылары қойылған. Енді ереже бұзғандар жауапқа тартылады.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Ерлан Шалбаев

Хабар 24 телеарнасы