412,24 465,50 5.83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанай облысында егін егу науқаны тоқтап қалды

  • 163
  • UPD: 20:47, 21.05.2020

Қостанай облысында егін егу науқанына толассыз жауған жаңбыр кедергі келтіріп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алқаптардың төрттен үш бөлігіне әлі дән себілген жоқ. Жылда ылғал түсімі аз болатын өңірлерде де күн ашылмай тұр. Мысалы, Қамысты ауданында орта есеппен бір айлық жауын-шашын мөлшері түскен. Мұндай нөсерлі ауа райы ауданда соңғы рет 30 жыл бұрын тіркеліпті. Дегенмен жергілікті диқандар жер жырту жұмыстарын уақтылы аяқтайтындарына сенімді.

Механик Жәдігер Бұрбаев 3 күн бұрын егіс алқабында жаңа техниканы сынақтан өткізуі тиіс еді. Алайда жаңбыр салдарынан оның бәрі тоқтап тұр. Көктемгі дала жұмыстарына сайланған заманауи техника шаруашылықта осылайша бос тұр.

Жәдігер Бұрбаев, механик:

– Бұл – соңғы үлгідегі комбайн. Оның ескі модельден айырмашылығы жер мен көктей. Жүргізушісіз автоматты түрде қозғала алады. Мониторда ылғал, жанармай шығыны сияқты барлық параметрді датчик арқылы айна-қатесіз көрсетіп тұрады.

Серіктестік соңғы 3 жылда миллиардттаған қаржы жұмсап машина-трактор паркін толығымен жаңартты. Нәтижесінде еңбек өнімділігі айтарлықтай артып отыр.      

Төремұрат Өтепов, ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші:

– Жаңа машина, жаңа комбайн, жаңа трактор. Әрине, аяғында өзінің шығымы болады. Кіріс болмай, шығыс болмайды деп айтады ғой.

Былтырғы қуаңшылық Қамысты ауданы аграрийлерін әбігерге салып, өнімсіз қалдырды. Астық шығымдылығы гектарынан екі центнерден әрең асты. Шағын шаруашылықтар мол шығынға батып, жұрдай болудың алдында тұрды. Егін егу науқанын өткізуге қаржы да, тұқым да болмады. Тығырықтан шығуда мемлекет қолдау танытты. 

 Ғазиз Бекмұхамедов,  Қамысты ауданының әкімі:

– Аудан диқандарының қиын жағдайын ескере отырып бүгінде жарты миллиард теңгеге өтініш жинадық. Бұл – үлкен қолдау. Қаражат оларға жылдық бір процент мөлшерлемемен қарызға беріледі.

Мамырдағы жауын-шашынның бір айлық мөлшерден асуы қамбаға мол өнім құйылатынына сенім ұялатады. Борис Князев басқаратын шаруашылық 110 мың гектарға бидай сіңіреді. Қазіргі уақытша үзілісте кеткен есені жоғары технологиялы кешендердің арқасында қайтарып аларына сенімді.

Борис Князев, ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші:

– Біз ең құрғақ далада орналасқанбыз. 30 жыл тәжірибемде жаңбырға байланысты екінші рет тоқтап тұрмыз. Жиырмаға жуық егін егетін аумақ бар. 150-ден астам агрегат жұмылдырылған. Тәулігіне 9 мыңдай гектар себетін мүмкіндігіміз бар.

Биыл облыста 5 млн гектар алқапқа дәнді-дақылдар егіледі. Жердің 27 проценті жыртылып бітті. Шаруалар егін егу науқаны маусымның 1-не дейін аяқтауды жоспарлайды.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы