405,69 456,25 5.76
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыда санитарлық талап сақталмаған нысандар анықталды

  • 160
  • UPD: 22:34, 21.05.2020

Алматыда жұмыс істеуге рұқсат берілген сауда нүктелері мен қызмет көрсету орындарында санитарлық талаптар сақталмайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгін мониторингтік топ бірқатар нысанды тексеріп, соған көз жеткізді. Енді ескертуді елемей, салғырттық танытқан кәсіпкерлерге қомақты айыппұл салынады.

Қаланың бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин бастаған тексеру тобы азық-түлік дүкеніне топырлап кіріп келгенде сатушылар тосылып қалды. Барлығы маска киген. Бірақ кейбірінде қолғап болмады.  Таңғы уақыт болған соң келушілер аз. Ал көк базар маңында адам көп.  Мысалы, жұмыс істеуге рұқсат берілген күннен бастап осы тұстағы сән салондары мен шаштараздарға тыным жоқ.  

Нұрайна Божан, шаштараз:

– Біздің шыққанымызға бір аптадай болып қалды. Жұмыс жақсы. Клиенттер келіп жатыр жайлап. Маска тағып жұмыс істейміз.

Сән салонындағы санитарлық талаптар сақталған. Әр орындық тұсында антисептиктер тұр. Дегенмен бет әрлеуші мен тырнақ бояушылар маскаларын жиі ауыстырмайтын көрінеді.

Алмас Садуақас, тілші:

– Әрбір шаштараз немесе сән салонындағы орындықтар арасы дәл осындағыдай 1-2 метер болуы шарт. Негізгі санитарлық талап осы. Сондай ақ әр мекеме, асхана немесе қызмет көрсету орындарында мынандай қол тазалауыш санитайзер тұруы міндетті. Алайда қаладағы барлық мекемеде бұл талап орындала бермейді.

«Көк базардың» азық-түлік сататын бөлімі карантин кезінде есігін жапқан жоқ. Дегенмен төтенше жағдай режимі өткеннен кейін базардағы санитарлық талапты сақтау тәртібі босаңсыған. Өйткені дәл осы тексеріске дейін бетперде кимеген адамдар көп еді. Ал бүгін барлық саудагерлердің жаппай маска мен қолғап киіп алғаны  уақытша көзбояушылықтай көрінді. Кіре берісте келушілердің дене қызуын анықтайтын тепловизор ұстаған адам жоқ. Адамдар арасындағы арақашықтықты сақтау дегенді мүлде байқамадық.  Тіршілік қайнаған базарда бұдан басқа да кемшіліктер анықталды.

Жандарбек Бекшин, қаланың бас санитарлық дәрігері:

– Ең басты бұзушылық,  базардың кіре берістерінде тепловизор жоқ. Сондықтан Медеу ауданының санитарлық дәрігеріне тапсырма берілді. Базар әкімшілігіне айыппұл салу үшін.

Карантин уақытында қауіпсіздікке салғырт қарап, санитарлық талапты ерен санамаған базар әкімшілігіне 4 млн теңге көлемінде айыппұл салынады. Жалпы қала әкімдігінің мониторингтік тобы 3 мыңнан астам нысанды тексерді. Оның  91-де тазалық пен санитарлық талаптардың орындалмағаны анықталды.

Авторлары: Алмас Садуақас, Мұхит Құдықбаев

Хабар 24 телеарнасы