418,90 492,14 5.72
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодар облысында қансорғыш жәндіктерді жою жұмыстары басталды

  • 238
  • UPD: 23:45, 21.05.2020

Павлодарда қансорғыш жәндіктерді жою жұмыстары басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жыл сайын осы мезгілде Ертіс өзенінің жағасындағы орман алқаптары әуе, су, жер арқылы өңделеді. Жұртқа жайсыздық тудыратын маса-шіркейлерге қарсы күрес бірнеше кезеңнен тұрады. Бұл жолы Ертіс өзеніне 80 тонна препарат құйылды.

Өңдеу жұмыстары  жәндіктерге жүргізілген зерттеулерге сәйкес басталады. Қазір шіркейлердің дернәсілдері нағыз дамып жетілген кезі. Енді аз уақытта  қанаттана бастайды. Сондықтан улау жұмыстарын дәл осы кезеңде жүргізудің тиімділігі зор. Уақытты оздырып алған жағдайда  адамдармен жан-жануарларға қансорғыш жәндіктер үлкен қолайсыздық әкеледі.

Қарлығаш  Қасиетова, тілші:

– Шіркейлерді жоюға биыл «Бактицид» биологиялық препаратының ұнтақ түрі қолданылып жатыр. Оны өзенге құймас бұрын алдымен суға араластырып алады. Мың литр суға шамамен 300 келі препарат кетеді екен. Бұл – тірі бактериялардан тұратын препарат. Сондықтан оның қоршаған ортаға ешқандай зияны тимейді және де тиімділігі өте жоғары көрінеді.

Дайындалған ерітінділер ыдыстарға құйылып, жүк кемесіне тиеледі. Ары қарай Ертіс өзенімен Павлодардан 50 шақырымда жатқан Белая өзеніне жеткізіледі. Мердігер компанияның жұмысшылары  дернәсілдерге дәл сол жерден соққы бермек. 

Нұржан Алдыбаев, облыстық энергетика және ТКШ басқармасының басшысы:

– Үстіміздегі жылы өзенге дәрі  құю ісі жеті орында жүзеге асады. Өткен жылы төрт жерде болған. Биыл ғылыми топ осындай нұсқама беріп отыр.

Ең жоғары орын облыс орталығынан 190 шақырымда жатыр.  Ол Бесқарағай ауылына жақын жерде орналасқан. Ал ең төменгі орын дәл осындай қашықтықтағы Жаңабет ауылы. Жалпы, алғанда биыл Ертіс өзені бойынша 1100 шақырым аумақты өңдеуден өткізу жоспарланған.

Тимур Омаров,  ғылыми топтың жетекшісі:

– Қазіргі кезде дернәсілдердің 80 проценті дамудың бірінші және екінші сатысында тұр. Демек, улау жұмыстарын жүргізудің оңтайлы сәтін дұрыс пайдалануымыз керек.

Мамандардың айтуынша, алдын ала дайындалған ерітінді өзенге бір сағат ішінде  құйылуы тиіс. Барлық талап сақталған жағдайда ғана белгілі бір нәтижеге қол жеткізуге болады. 

Азамат Сәбитов, жобаның техникалық бақылау бойынша  жетекшісі:

– Біз шіркейлердің бір жерде, бір мезетте қанатқа тұрғанын қадағалай алмаймыз. Ғалымдардың нұсқауларына сай жұмыс істейміз. Өзенге құйып жатқан дәрілердің әсері шіркейлердің жаппай ұшуына кедергі болады деп сенеміз.

Препараттар суға өзенді бойлай жүретін  кеменің екі жағынан құйылады. Өз кезегінде жәндіктердің жолына тосқауыл болатындай қабырға қалыптасады. Жыл сайын шіркейлерді улауға бюджеттен қыруар қаржы бөлінеді. Жұмыстың тиімділігін осы жылы қоғамдық бақылаушылар назарға алды.

Төлеген Күлжан,  қоғамдық бақылаушы:

– Қоғамдық қадағалаушылар осыны көру үшін әдейі келіп, осы іс-шараны қарап жатырмыз.  Бұл енді сәуірден басталып жатқан үлкен жұмыс.  Мұның барлығын құрта алмаймыз.

Өңдеу  жұмыстарынан кейін  маса-шіркейлер біржолата жойылып кетпейді. Тек олардың  саны  қысқарады.  Ғалымдар  енді келесі науқанның мерзімін белгілейді.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы