399,51 448,90 5.81
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Нұр-Сұлтанда апатты үйдің тұрғындары дабыл қағуда

  • 51
  • UPD: 11:09, 22.05.2020

Елордада 1931 жылы салынған үйдің тұрғындары үреймен өмір сүріп келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тозығы жеткен баспана саманнан тұрғызылған. Тұрғындар 5 жыл бұрын баспананы бұзу туралы өтініш беріпті. Алайда жауап жоқ.

Ескі вокзал маңындағы бір қабатты «Барак» тұрғын үйі апатты жағдайда тұр. Баспана 90 жыл бұрын салынған. Қазіргі күні қабырғалары қақырап, төбелері опырылып қалған. 

Ескі үйдің тұрғыны Бердіәкім Шматов 8 жылдан бері осындай жағдайда өмір сүріп жатыр. Ол бейнетінің зейнетін көретін шақта мұндай қиындыққа тап боламын деп ойламаған. Ал үйдегі дымқылды кетіру үшін жаз бойы от жағады екен. Соның салдарынан денсаулығы нашарлап кеткен.

Бердіәкім Шматов, апатты үйдің тұрғыны:

– Саманнан салынған баспананың проблемасы көп. Мәселен, жауын жауса үйдің үстінен су ағады. Үйдің жерге кіріп бара жатқаны сезіледі. Қабырғаларды сылаймыз, ал еден тозғандықтан, бояуға да жарамай қалды. Әйелімнің де менің де қазір дымқылдың салдарынан буындарымыз ауырады. Бұл жерде өмір сүру өте қауіпті.

Іргетасы құлаған үйдің тұрғындары үмітін әлі де үзбеген. 2016 жылы «Нұр Отан» партиясына өтініш жазған екен. 2019-2020 жылғы бағдарламаға енгіземіз деп уәде берген. Алайда, 5 жылдан кейін олардың өтініштері қабылданбай қалған.

Бердіәкім Шматов, апатты үйдің тұрғыны:

– 5 жылдан бері қанша үйді бұзып, жаңа баспана салынып жатқанын бақылап жатырмыз. 2017 жылы біз қалалық әкімдікке барғанбыз. Олар «Елорда даму» ЖШС-дан үй ала аласыз деген еді. Мәселен, жақында олар 1470 пәтер салды. Ал бізді сол тізімге енгіземіз деп уәде берді. Бірақ тізімге де хатқа да жауап жоқ.

Ал құзыретті органдардың айтуынша, бұл баспана апаттық үйлердің тізімінде болмаған.

Андрей Марченко, Сарыарқа ауданы әкімдігінің тыныс-тіршілікті қамтамасыз ету бөлімінің басшысы:

– Бұл үй апаттық жағдайдағы үйлердің тізіміне кірмеген, өйткені олардың техникалық есебі болмаған. Осы үйді тізімге енгізу үшін ведомствоаралық комиссияға барлық құжаттарды жібердік.

2013-2017 жылдары Сарыарқа ауданында 137 тұрғын үй бұзылса, 2018-2022 жылдары 25 үй ғана тізімге енген. Ал бағдарламаға кірмей қалған баспаналарды үшінші кезеңде қарастырамыз дейді мамандар.

Андрей Марченко, Сарыарқа ауданы әкімдігінің тыныс-тіршілікті қамтамасыз ету бөлімінің басшысы:

– Екінші кезеңге енгізілмеген тағы 47 ескі үй бар. Бағдарламаны орындау барысында техникалық жағдайына және құжаттарына қарай оларды үшінші кезеңге енгіземіз.

Қазір елімізде 486 апатты және 2219 ескі үй бар. Ал елордада тозығы жеткен 204 баспана сүрілмей кезегін күтіп тұр.

Авторлары: Наргиз Бекмағанбетова, Наурыз Базаров

Хабар 24 телеарнасы