405,69 456,25 5.76
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанай облысында 200 шақырымнан аса жол күрделі жөндеуден өтеді

  • 135
  • UPD: 14:04, 22.05.2020

Биыл Қостанай облысының 75 процентке жуық автомобиль жолдарын жаңарту көзделіп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жөндеу жұмыстарымен жергілікті және республикалық трассалар қамтылады. Бұл мақсатқа 45 миллиард теңге бағытталады. Қаражаттың қомақты бөлігі облысты Ақтөбе өңірімен жалғайтын аумаққа бөлінеді. Мердігерлердің құрылыс жұмыстарына кіріскеніне бір айдан асқан.

Бұл Қостанайдан Ақтөбе облысына баратын жол. Қайта қалпына келтіру жұмыстары мұнда былтыр басталған. Сапа мәселесі қашанда бірінші орында. Сондықтан Ұлттық жол активтері сапасының орталығы мамандары аптасына екі рет осы аумақтан асфальт үлгісін алып отырады.

Абылайхан Алшынбаев, «Ұлттық жол активтері сапасының орталығы» ҚОФ директоры:

– Алынған материалдар біздің зертханаға жіберіледі. Асфальт бетонды қоспаның тығыздығын, суыққа шыдамдылығын және қиыршық тас, құмдардың сапасын тексереміз. Егер олқылықтар анықталып жатса, мердігер оны өз есебінен жоюға міндетті.

Қостанай-Қарабұтақ бағытындағы республикалық маңызы бар жолдың биыл 114 шақырымын жаңарту көзделген. «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша бұл мақсатқа 11 млрд теңге бағытталды. Жыл соңында жол екінші категорияға айналып, тәулігіне транзиттік көлік ағыны екі есе артады.  

Мейрам Жұмабеков, мердігер:

– Осы күнге дейін 2 миллиард теңгедей игердік. Тоғыз жарым шақырым жолға үш қабатты асфальт төселді. Біз заманауи сапалы қоспаларды пайдаланып жатырмыз.

Тағы бір ауқымды жоба Арқалық қаласы маңында жүзеге асырылып жатыр. Ол жерде өзен арқылы өтетін көпірдің құрылысы басталды. Орталық-Батыс жобасы еліміздің бірнеше өңірлерін байланыстырады.

Андрей Горват, «Қазавтожол» ҚОФ директоры:

– Кеңес заманында Бала-Терісаққан өзені арқылы екі рет көпір өткелін салу жұмыстары басталып, ақыры аяқсыз қалған. Жаңасы тұрғызылса, Қызылорда, Жезқазғанға тіке шығуға болады. Қазір бетонды блоктар салынып, құрылыс қыза түскен.

Облыста 200 шақырымнан асатын жолды күрделі түрде жөндеу жоспарланған. Осы бағытта қаржыландыру көлемі биыл 10-нан 17 млрд теңгеге ұлғайған.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы