423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Петропавлда алғаш рет өрт сөндірушілер арасында жарыс өтті

  • 323
  • UPD: 22:33, 22.05.2020

Петропавлда от пен судың арасында алқын-жұлқын жүгіріп, биікке өрмелеп, өртті ауыздықтайтын құтқарушылар сынға түсті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өңірде алғаш рет 18-ші қабатқа баспалдақпен жүгіріп шығудан жарыс ұйымдастырылды.

Мамандардың төтенше жағдай кезінде шұғыл әрекет ету шеберліктері сыналды.

Ептілік, шыдамдылық, жылдамдық. Жарысқа қатысушылардың бойында бұл қасиеттің үшеуі де бар. Сондықтан бағын сынап, басын бәйгеге тіккендер сыннан сүрінбеуге тырысты. Ал, доданың мақсаты...

Болат Жұмажанов, қалалық №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бастығы:

- Жігіттердің дене бітімін тексеруге, сосын қандай нәтиже көрсетеді? Қандай уақытта көтеріледі? Және осы объектімен танысу мақсатында. Бұрын мұндай жарыстар өткізілмеген. Практиканы Ресейден және Беларусьтен қарап алып жатырмыз.

Өрт сөндірушілердің киімі: аяқта берцы, баста арнайы бас киім және қолғап. Оттегі баллонын тағы қосыңыз. Олардың жалпы салмағы 25 келіден асады. Ережеге сәйкес, осының барлығын асып алып, баспалдақпен жоғарыға жылдам көтерілу қажет. Жасы қырыққа таяғандарға бұл сынақ оңайға соқпады.

Самат Қайырденұлы, тілші:

- Он сегізінші қабатқа лифтінің өзімен 30 секунд дегенде көтерілесің. Ал, жарысқа қатысушылардың бірі бұл биіктікті екі минут жеті секунд дегенде еңсерді. Бұл ең жақсы көрсеткіш.

Аталған сайыста Асылбек Жасұлановқа тең келері болмады. Ал, жас маманның бұл салада қызмет етіп жүргеніне небәрі екі жылдай уақыт болған.

Асылбек Жасұланов, өрт сөндіруші, жеңімпаз:

Мұндай биіктікке күнде шыға бермейміз ғой. 10-шы қабаттан асқан кезде аяғымыз шаршады. Бірақ оған мән бермедік. Ертең жоғарыда қандай да бір төтенше жағдай болып жатса, бұдан да тез қимылдауымыз қажет. Себебі, ол кезде біз үшін әр секунд маңызды.

Құтқарушылардың төтенше жағдай кезінде шұғыл әрекет ету шеберліктерін шыңдайтын бұл жарыс елімізде алғаш рет өткізілді. Енді оны дәстүрге айналдыру жоспарда бар.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев

Хабар 24 телеарнасы