427,82 518.00 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жамбыл облысында сапасыз салынған жолдардың жыры таусылар емес

  • 647
  • UPD: 23:41, 22.05.2020

Бұл жолы Жамбыл ауданындағы бірнеше ауылдың тұрғындары шағымданып, шу шығарды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жаңадан төселген жолдар бұзылған. Асфальттың үстін шөп басқан.

Ауыл ішіндегі жол мүлдем талапқа сай емес. Жұрттың жанайқайын естіген мониторинг тобы елді мекендерге барып бірталай былықтың бетін ашты.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Бұл кісілер Тоғызтарау мен Жаңаөткел елдімекендері арасындағы 6 шақырым жол туралы айтып тұр. «Құрылысшы маман болмасақ та, сапалы мен сапасыз жұмыс көзге көрініп тұрады», дейді олар.

Міне, осы екі ауылды жалғап жатқан жолдың бір бөлігін ғана көрсетейікші. Әлі салынғанына бір айда толған жоқ. Қазірдің өзінде міне, қараңыз жолдың ортасынан шөптер шығып, жарылып жатыр. Тіпті кейбір жерлері міне былай болып қолға да үгітіліп жатыр. Мамандар «ертең жауын жауса бұл асфальттан дым қалмайды» деп отыр.

Ұлттық сапа орталығының мамандарының айтуынша, бұл топырақ қабатын алмай, жолды төсегеннен болған. Ал оны бақылауға техникалық қадағалаушы маман тікелей жауапты көрінеді. Енді шөп шыққан жерді тек қана қайта ашып, негіздемесін дайындап, асфальтты қайта төсеу арқылы жөндеуге болады. Бірақ оны қайта істеймін деп құлшынып тұрған мердігер жоқ.

Байбосын Елікбай, «Жол де Люкс» ЖШС директоры:

- Бұл жерде қозғалыс аз болғаннан шығып жатыр деп ойлаймын. Көбірек жүру керек шығар. Өйткені шығып жатқан шөпті білмеймін. Бетінен тағы да жіберіп, таптатамыз мынаны.

Бұл жолды салған «Жол де Люкс» команиясы мемлекеттік сатып алуға қатысып, «құны 95 миллион теңгенің жобасын 81 миллионнан астам теңгеге істейміз» деп жеңіп алған. Сөйтіп, өз қаражатына жұмысты істеп, бітіріп кеткен. Енді 25 мамыр күні комиссия қабылдап алуы тиіс. Егер жоба осы күйі қабылданып кетсе, мемлекеттік бюджеттің 81 миллионнан астам теңгесі «Түфәй күйсін! Желге ұшты» саналып кетуі мүмкін.

Ербол Жайлаубеков, Жамбыл аудандық түкш жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Егер де кемшіліктер анықталып жатса, кемшіліктердің бәрін біз тізіп жазып береміз. «Мынадай-мынадай кемшіліктерді жойыңыз», деп. Сол жерде акт жазылады. Сол актіні береміз мердігерге.

Қазір тұрғындар «Бүйтіп жол жөндегені құрысын! Артық қыламыз деп, тыртық қылды» деп шырылдап отыр. Мердігерлер жолды сапасыз етіп салғанымен қоймай, жуырда ғана 87 миллион теңгеге төселген Өрнек пен Тоғызтарау ауылдары арасындағы жолды талқандап кеткен. Мамандардың есебі бойынша қазір 6 шақырымдай жолдың 20%-і жарамсыз. Құрылыс кезінде жүруге тыйым салынған 40 тонналық ауыр жүк көліктері пайдаланылған. Оны жергілікті жұрт та, мердігердің өзі де растап отыр.

Өріккүл Шонтаева, Тоғызтарау ауылының тұрғыны:

Айналайындар-ау. Өмірі атамызда көрмеген, ғасыр бойы көрмеген жолымызды еш болмаса, 10 жыл көрмедік қой қызығын. Мына екі жыл. Ал, ертең қар жауса не болады сонда. 

Нұрлан Өтегенов, Тоғызтарау ауылының тұрғыны:

Не смола төккен жоқ. Не су төккен жоқ. Құр шаңның үстіне асфальт төседі де кетті. Су да сепкен жоқ. Күндізгі сағат 12:00-де бастады. Түнде 23:00-де техникасын артып кетіп қалды.

Салынған 1 шақырымдай салынған асфальт жолдың қалыңдығы талапқа сай емес. Оны Ұлттық сапа орталығының мамандары бірнеше жерден сынама алып, көпшіліктің көзінше дәлелдеп берді.

Ауыл ішіндегі жолға жергілікті бюджеттен 16 миллион теңгедей қаражат жұмсалған. Кеткен кемшілікті мердігер компания қашан жөндеп беретіні белгісіз. Алайда, қалыпқа келтірмесе, жауапқа тартылуы мүмкін.

Равиль Төлебаев, ҚР СЖҚҚА ЖОБ департамент басшысының бірінші орынбасары:

- Мердігер мен тапсырыс беруші арасында есеп айырысу жүріп кеткен. Сондықтан егер ол мердігер ол қаржыны қайтармаса, біз әрі қарай ол ұсынысты құқық қорғау органдарына қылмыстық бағасын беруге жіберетін боламыз.

Бұл «Сапалы жол» жобасы аясында анықталған олқылықтардың бір көрінісі ғана. Жамбыл адалдық алаңы, Ұлттық сапа орталығы және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдерімен бірлескен мониторингтік топ жұмысы жалғасады. Жыл соңына дейін жүздеген нысанның сапасын тексеріп шығу жоспарда.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы