399,51 448,90 5.81
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Оралда еріктілер мұқтаж отбасына баспана алып беруге қаражат жинап жатыр

  • 91
  • UPD: 08:59, 23.05.2020

Жәрдемге зәру, мейірімге мұқтаж адамдар арамызда аз емес. Солардың бірі, Орал қаласына қарасты Серебряков кентінде тұратын Қаржауовтар отбасы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Аталған шаңырақта 7 бала бар. Соның алтыншысы Әділхан ауыр дертке шалдыққан. Отағасының табысы баланың емінен аспайды. Оның үстіне жанұя пәтер жалдап тұрады. Міне, осындай қиын жағдайда қалған  жандарға Ассамблея жанындағы еріктілер көмекке келді. Олар баспана алуға қажетті қаражатты жинап бермек.

Әділхан 10 жасқа биыл толды. Туғаннан аурумен алысып келеді. Ол өте сирек кездесетін жетілмеген остеогенез дертіне шалдыққан. Сәл салмақ түссе, сүйектері майысып, сырт етіп сынып кете береді екен. 18 рет операция жасатыпты. Қиындықтың кермек дәмін қанша татса да, Әділхан жарқын күндерден үмітін үзген емес. Өскенде әнші болуды армандайды.

Әділхан Бейсенбайұлы: 

– Ән жазғым келеді. Үлкен сахналарға шыққым келеді. Жатып қалдым, салмақ қостым. Енді отырып жаттығуларды жасап жүрмін.

Анасының Әділханды апармаған жері жоқ. Үндістанға үш рет сапар шегіп, сүйектері майыспауы үшін бар денесін темірмен де құрсаулапты. Дәрігерлер бала жүріп кетуі үшін сүйегін қатайтатын дәрілерді  кеңес беріпті. Сол үшін әр екі ай сайын астанаға барады.  Емнің бір курсы – 150 мың теңге. Оған жол шығындарын қосыңыз.

Ләззат Өтепқалиева,  көп балалы ана:

– Қазір екі курсы қалып қойды. Содан деформация беріп тұр. Баланың кеше гипсін алдырттық. Сынып кетіп салдыртқан гипсін. Аяғынан тұрғызу үшін екпесін үзбеуіміз керек.

Қаржауовтар отбасы Оралға 5 жыл бұрын Атыраудан көшіп келіпті. Баланың аллергиясы болған соң, дәрігерлер климат ауыстыруға кеңес берген екен. Бүгінде кісі есігінде пәтер жалдап тұрады. Вахталық әдіспен еңбек ететін отағасының тапқаны баланың емі мен пәтерақыдан ауыспайды. Бірақ қандай қиындық көрсек те шыдап, Әділханды құлан-таза сауықтырғымыз келеді, дейді анасы.

Ләззат Өтепқалиева, көп балалы ана:

– Осы бала көз алдымда аяғын басып жүріп кетсе – сол арманым. Бармаған жерім жоқ. Осы бала үшін күресіп жүрмін. Халқым аман болсын. Осы баланы аяғынан тұрып кетуіне солар себепші болып жатыр ғой.  

Қиын халдегі отбасына Ассамблея жанындағы еріктілер жәрдемге келді. Қайырымды жандар қазір Қаржауовтар отбасына қаладан баспана алу үшін қаржы жинауда.

Құдайберген Сұлтанияров,  қала тұрғыны:

– Ата-анасымен таныстық. Отбасында Әділханнан бөлек 6 бала бар екен. 7 бала пәтер жалдап тұратынын көрдік. Сосын неге баспана алып беруге көмектеспеске деген ой келді. Енді Әділханның жеке өзімен қалып әңгіме айтсаң, әнге жақын, өнерге жақын. Күнде көріп жүргеннен кейін жаныма жақын болып кетті.

Күні бүгін 3 миллион теңгенің басы құралыпты. Еріктілер барша жомарт жүректі жанды осы сауапты істен шет қалмауға шақырады.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Р. Ғазезов

Хабар 24 телеарнасы