399,51 448,90 5.81
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматылықтар санитарлық талаптарды қаншалықты сақтап жүр

  • 90
  • UPD: 22:41, 23.05.2020

Карантин кезінде тысқа шығып, таза ауа жұта алмай қалған алматылықтар да қазір емін-еркін серуендей алады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алайда әркім санитарлық сақтық шараларын естен шығармағаны абзал. Қала тұрғындары қазір осы ескертуге қаншалықты құлақ асады?

Азамат Қуатұлы – екі баланың әкесі. Карантин уақытында үйден шықпай, бала тәрбиесін мықтап қолға алған. Білімдерін жетілдіріп, спорттық ойындарға машықтандырды. Дегенмен үйде отырудың оңай болмағанын айтады.

Азамат Қуатұлы, қала тұрғыны:

- Спорттық шаралар ұйымдастырып, сурет салғызып, күнделікті уақытты босқа өткізбеуге тырыстық. Өздеріңнің аулаларында ойнауға болады дегеннен кейін шығарып едік, далаға жүгіріп кетті.

Азамат екі ұлын ойын алаңында өзге балалар аз болғанда ғана ойнатады.Өйткені санитарлық талапты сақтау керек. Бірақ ол тәртіп пен талабыңызға бойында қуаты тасыған ұл-қыздар бағына бермейді. Үйде отырып, сабақ пен кітап оқу да жалықтырады. Ал бала сергек жүру үшін серуендеуі керек.

Мұхтар Сеңгірбай, журналист:

– Балалармен өте қиын. Себебі бала таза ауа жұту керек, сыртқа шығу керек, ойнау керек. Сол жағынан қиындау болды, бірақ біз орындауға тырыстық. Адамдар аз жерге баруға тырысамыз. Балалармен көп араластырмауға тырысамыз. Бірақ балалар да біліп алған оны.

Саялы – Есентай өзенінің жағалауы. Карантиннің қатаң тәртібінен кейін өзен бойына келіп серуендеп, дене шынықтырып, жүгірушілер де көбейіді.

Жағалаудағы тіршілік жанданған. Ерсілі-қарсылы жүрген, жүгірген адам баршылық. Жас-кәрісі бар, үлкен кішісі бар бой жазып, буын ширатып, таза ауада, тамаша табиғат аясында емін еркін қыдырып жүр. Ал зейнеткерлер ерекше қуанышты.

Далмира Рахимбекова, зейнеткер:

– Далада серуендеуге рұқсат бергеннен кейін екі таяғымды қолыма алып, өзен бойына асықтым. Жасым 62-де. Күніне 5-6 шақырым жүремін. Таза ауада дене шынықтырғанға не жетсін. Бірақ маска тағуды ұмытпаймын.

Карантин ең алдымен тазалыққа үйретті. Санитарлық мәдениеттің қалыптасуына ықпал етті. Десе де, жалпыға ортақ нормаларды, сақтық шараларын біреу ұстанады, өзгелері салғырт қарайды. Сонда да сереунге шығып, көрікті табиғат аясында қыдырғыңыз келсе де, тазалық ережелерін естен шығармаңыз.

Авторлары: Алмас Садуақас, Радик Жақыпов

Хабар 24 телеарнасы