411,54 452,40 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҚО-да балық қоры азайып кеткен

  • 79
  • UPD: 22:40, 23.05.2020

Браконьерлер айылын жияр емес. Батыс Қазақстанда онсыз да азайып кеткен балыққа көз алартып әлек, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір судағы тіршілік иелерінің уылдырық шашатын мезгілі.

Ал басты қауіптің бірі – өзен-көлдерде шырмалып жатқан аудың көптігі. Олардың қаупі сол, балық тұрмақ ұшқан құс та түсіп жатыр. 

Жұмахмет Үмбетияров отбасымен табиғат аясына жиі шығып тұрады. Сондықтан болар, өңірдегі өзен-көлдердің жай-күйін бес саусағындай біледі. Қазір карантин. Әрі балық атаулы уылдырық шашатын мезгіл болғандықтан, әзірге қармақтарын сайлап, алдағы күндерге дайындау үстінде. Балық аулап, таза ауада тыныққан дұрыс. Тек жағалай ау салып, балықтардың азаюына жол беруге болмайды дейді ол.    

Жұмахмет Үмбетияров, әуесқой балықшы:

– Балықты аумен аулау дұрыс емес. Одан ештеңе қалмайды. Бір балықтың ішінен 50 грамм икра шықса, миллиондаған балық кетті дей беріңіз. Оралдың төңірегінде балық жоқ, түспейді. Жаңақаланың бөлек сулары бар. Сол жерлерден барып аулаймын. Шортанға қақпан құрамын.

Әуесқой балықшының пікірімен кәсіби мамандар да келіседі. Аймақтағы су қоймаларында балық қорының азайып бара жатқаны рас. Оның бір себебі заңсыз аулау фактілерінің көбеюімен тығыз байланысты. Жайық өзенінде ұйымдастырылған кезекті рейд барысында тағы бір күдікті қолға түсті. 

Николай Разваров, орман және жануарлар дүниесі ақжайық бөлімі инспекциясының басшысы:

– Браконьерлер қойған аулар балық пен шаяннан бөлек су құстарына да зиянын тигізеді. Жаңа ғана ауға шырмалған үйректі әрең босатып алдық. Кеме қатынасына да аса қауіпті. Рейдтердің мақсаты – уылдырық шашатын мезгілде заңсыз балық аулау фактілерінің алдын алу. 10 сәуір мен 15 маусым аралығында аймақтағы су қоймаларынан балық аулауға қатаң тыйым салынады.     

Бұл тыйымға құлақ аспаған күдікті де енді 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеуі мүмкін. Жалпы, облыс аумағында жыл басынан бері заңсыз балық аулаушылардан 2 миллион теңге сотпен өндіріліп алыныпты. Оңай олжаға кенелмек болғандардан 8 қайық пен 300-ден аса құрал-сайман тәркіленген.  

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Руслан Газезов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы