411,54 452,40 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағандылық ТЖ қызметкерлерін 300-ге жуық су арнасы алаңдатып отыр

  • 92
  • UPD: 23:24, 23.05.2020

Суға шомылатын уақыт та таяп қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қарағанды облысында мамандар қазір демалыс орындарын белгілеп, тазалық жүргізіп жатыр. Алайда төтенше жағдай қызметкерлерін шомылуға рұқсат берілмеген 300-ге жуық су арнасы алаңдатып отыр. Себебі қайғылы жағдайдың 80 проценті осы аумақтарда болады екен.

Бұл Қарағанды қаласының іргесіндегі Федоров су қоймасы. Әдетте маусымның басынан бастап осында келетін жұрттың қарасы қалың. Сондықтан қазір мынау сынды сүңгуірлер судың астын, басқасы жағалауды қоқыстан, қауіпті үшкір заттардан тазартып әлек.

Сергей Целищев, ТЖД құтқару қызметінің бас маманы:

– Қала ішіндегі саябақ қатты ластанған. Оның ішінен бір жылы көліктің кузовын да алып шыққанбыз. Шомылу маусымы алдында міндетті түрде қарап шығамыз. Өкініштісі, демалушылар тазалық шараларын қатаң ұстап, басын ауыртқысы келмейді. Ал Федоров су қоймасы онымен салыстырғанда едәуір таза. Тек темір, шыны бөтелкелердің сынығы қалып қоюы мүмкін. Бұл келушілерге үлкен қауіп тудырады.

Биылғы жылдың 30 сәуірінен бастап ТЖД мамандарының суда құтқару бөлімшелері жоғары дайындықты бастаған. Облыста қазір 42 құтқару катері мен қайықтары бар. Онымен барлық шомылу орындары жіті бақыланып отырады.

Дәуренбек Бақдәулетұлы, тілші:

– Жалпы Қарағанды облысында шомылуға рұқсат берілген 83 жағалау бар. Биыл карантинге байланысты алысқа бармай, қала маңына келіп шомылатындардың саны көп болуы мүмкін деп жорамалдап отыр. Сәйкесінше, ТЖ мамандары осы жағалауларда бақылау-күзету жұмыстарын едәуір күшейтпек ниетте.

Судағы қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін маусым басынан бері 150-ге жуық рейд өткізіліп, ескертпе қағаздар таратылған. Десе де, сол қайғылы жағдайға душар ететін бірнеше себеп жыл сайын қайталана береді дейді жауаптылар.

Мұрат Қатпанов, ТЖД бастығының орынбасары:

– Бірінші себеп – рұқсат етілмеген жерде шомылу. Кішкентай балалардың байқаусыз қалуы. Ішімдік ішетіндер бар.

Еске салсақ, былтыр Қарағанды облысында 18 адам суға батып кеткен. Оның 4-і кәмелет жасына толмаған бала. Көп жағдайда ересектер рұқсат етілмеген жерде шомылып, ішімдік ішкен. Сондықтан алдағы уақытта көл жағасында ащы су ішкендерге 5 АЕК-ке дейін айыппұл салынбақ. 

Авторлары: Дәуренбек Бақдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев

Хабар 24 телеарнасы