412,55 465,50 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақмола облысында сұрқы қашқан ауданға сүйкім кіре бастады

  • 160
  • UPD: 20:36, 24.05.2020

Ақмола облысының Жарқайың ауданында тұрғын үй құрылысы қарқын алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Аудан орталығы Державинск қаласында соңғы 10 жылдан астам уақыттың ішінде он шақты көпқабатты үй қолданысқа беріліп, 600-ден аса отбасы баспаналы болған. Бұл үйлердің барлығы дерлік «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша қалыпқа келтірілген. Себебі шағын шаһарда қаңырап бос қалған тұрғын жайлар көп.

Баспаналы болғандардың бірі, жалғызбасты ана Надежда Ложкина.  Жеті жыл бұрын пәтер кезегіне тұрған отбасының арманы, міне, биыл орындалып отыр. Қаладағы мектептердің бірінде бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істейтін келіншек, енді мұнда екі баласымен тұрады. Жалдамалы үйдегі тұрмыстық қиындықтардан да құтылдық, дейді ол. Ал пәтер аласыз деген хабар оларға ойламаған жерден келген.

Надежда Ложкина, Державинск қаласының тұрғыны:

– Бұл пәтер біз үшін күтпеген жағымды жаңалық болды. Себебі кезек ұзаққа созылып кеткен соң, жақын арада болады деп қатты үміттене қоймадық. Сондықтан бұл баспана бізге тосынсый секілді болды. Мемлекеттік бағдарламалардың расында жүзеге асырылып жатқанына көзіміз жетті.

«Жастар» деп аталатын бұл шағын аудан осыдан он шақты жыл бұрын қаланың сәнін кетіріп тұрған еді. Тоқырау жылдары қаңырап қалған 30 шақты үйдің алтауы кейінгі жылдары ретке келтірілді.

Дамир Берікұлы, тілші:

– Жалпы, Державинск қаласында осындай бос жатқан үйлер өте көп болатын. Олардың барлығы біртіндеп қалыпқа келтіріліп жатыр, дейді жергілікті билік өкілдері. Мәселен, өткен қыста 75 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін 60 пәтерлі үй қалыпқа келтіріледі, дейді мамандар. Ал жалпы, болашақта бұл үйлердің барлығын жаңартып, кезекте тұрғандарға беру көзделген.

Бұл үй де биыл ел игілігіне пайдалануға беріледі. Ол үшін облыстық бюджеттен 267 млн теңгеге жуық қаражат бөлінген. Ал құрылысқа жергілікті 25 адам жұмылдырылған. Мердігер компания жұмыстардың негізгі бөлігі аяқталғанын айтады.

Марат Әмірғазин, мердігер компания өкілі:

– Терезелердің 90 процентін қойдық. Енді қалғаны 10 проценті. Сосын үйдің бетондық жұмыстары жүріп жатыр, ішкі жұмыстары. Қазіргі енді 60 процентін істедік деп айтуға болады. Алла жазса, осы тамыздың аяғында тапсырамыз.

Осыған дейін берілген пәтерлерде жергілікті билік өкілдері барлық санаттағы адамдарды қамтуға тырыстық дейді.

Дулат Сыздықов, Жарқайың ауданы әкімінің орынбасары:

– Олар: жетім балалар, зейнеткерлер және мемлекеттік қызметшілер. Бұдан бөлек, дәрігерлер мен мұғалімдер де көптеген пәтерлер берілді. Ал көп балалы отбасылардың барлығын дерлік баспанамен қамтамасыз еттік.

Жалпы, шағын шаһарда қазір 500-ге жуық адам пәтер кезегінде тұр. Сала мамандары жылына осылай кемінде бір үйден тапсырсақ, баспана мәселесі алдағы 3-4 жылдың ішінде шешіледі дейді.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный

Хабар 24 телеарнасы