431,82 507,51 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маңғыстау облысында ауылдар көркейіп келеді

  • 336
  • UPD: 21:00, 24.05.2020

Маңғыстау облысында да елді мекендер көркейіп келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасы аясында биыл бір ғана Мұнайлы ауданында 9 жоба қолға алынды. Мәселен, жыл соңына дейін Батыр ауылында 15 шақырымдық жол салынуы тиіс.

Ал Қызылтөбе мен Баяндыда энергия үнемдегіш көше шамдары орнатылып, көптен жөндеу көрмеген мектеп ғимараты жаңғыртылып жатыр.

Мұнайлыға қарайтын Батыр ауылдық округі Ақтауды Жаңаөзенмен қосатын трасса бойында орналасқан. Он жыл бұрын құрылған елді мекеннің инженерлік желілерінде ақау жоқ. Орталық көшелермен көліктердің еркін жүре алмауы ғана көптен бергі мәселе болып келді. Тұрғындардың қуанышына орай жуырда 15 шақырымдық ішкі жолдарға орташа жөндеу жұмыстары басталды. Жоба құны – 302 млн теңге.

Құлбек Сүйінов, мердігер мекеме директоры:

– Грейдер жолдың үстіне  ПГС төселіп, 6 сантиметрлік асфальт салынады. Бұл жоба 1 мамырдан басталды, бұйырса, 30 қазанда аяқтаймыз деп есептеп отырмыз. 50 шақты адамды, Батыр ауылының тұрғындарын, жұмыспен қамтып отырмыз. Оның ішінде 10 адамды тұрақты жұмыспен қамтып жатырмыз. Қызылтөбе-2-нің де тұрғындары Өзен-Жетібай жолына тікелей шығуына мүмкіндіктер бар.

Әлгі трассаға Қызылтөбе ауылдық округінің тұрғындары әлі күнге дейін Маңғыстау ауылы арқылы шығып жүр. Биыл Батырдағы жолдар түзелсе, Жетібай-Жаңаөзен жолына тіке барып қосылуға болады. Сосын Қызылтөбеде көше шамы қойылмаған көше жетерлік. Жыл соңына дейін ұзындығы екі шақырымдай жерге диодты жарық беретін бағаналар орнатылмақшы. Бұл әсіресе кешкі мезгілде мектептен үйге баратын балалардың қауіпсіздігі үшін аса маңызды.

Ермек Баймырзаев, ауыл тұрғыны:

– Бұл жолды күткенімізге де көп болды ғой. Өтініш көп қой. Бір мектеп салынды. Енді сол мектепті үлкейтіп берсе. Шүкір, жаман емеспіз. Сол асфальттың, қалғанының келгеніне қуанып жатырмыз.

Берік Әбдіхалық, Мұнайлы ауданы ТКШ бөлімінің басшысы:

– Мектепке қатынайтын жолдың бір бөлігін осы қыс айына дейін жарықтандыруға тұрғындар тарапынан ұсыныстар түскен болатын. Жарықтандыру мәселесі шешіліп жатыр. Қазіргі таңда Мұнайлы ауданында 9 жоба бар. Соның бірі, Батыр ауылдық округінде кезінде 2016 жылы грейдер жолы салынған. Соған орташа жөндеу есебінен жол салынып жатыр. Сонымен бірге Баянды ауылында кеңестік кезеңде салынған бір қабатты мектептің ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Баяндыдағы ескі ғимарат жөнделген соң бастауыш сынып оқушыларын қабылдайды. Сондай-ақ бұл нысанда өнер мектебі де ашылады. Өзге де инфрақұрылымдық жұмыстар Атамекен және Маңғыстау ауылдарында жүзеге асуда. Елді мекендер келбетін жақсартуға бағытталған 9 жобаға қазынадан 1 млрд 800 млн теңге бөлініп тұр. Оларды жүзеге асыру мақсатында Мұнайлыда 475 жаңа жұмыс орны құрылды.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы