426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мақтааралдағы жағдай: 2 мыңнан астам тұрғын әлі де эвакуациялық бекеттерде жатыр

  • 348
  • UPD: 09:39, 25.05.2020

Түркістан облысы Мақтаарал ауданының 2 мыңнан астам тұрғыны әлі де эвакуациялық бекеттерде жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жаңа үйлері салынып біткенше, тағы бір айдан астам уақыт сонда паналайды.

Жүздеген тонна азық-түлік, төсек-жабдық және өзге гигиеналық заттар. Бұл – бірлігі бекем байтақ еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған гуманитарлық көмек. Қазақстандықтар қажетті тауарды тау-тау болып үйіп тастағаны сонша, 4 қойма салуға тура келген.

Бақытжан Әшірбаев, қойма жұмысшысы:

- Бүгінгі күнге 800 тоннаға жуық азық-түлік келген болса, қазір 400 тоннадан астам азық-түлік бар. Бұл үйлеріне орналасқаннан кейін де тағы 2-3 ай беретін азық-түліктер. Эвакуациялық 10 орынға таратылады. Осы үлкен қоймадан азық-түлік алынып, сол кісілердің таңертең, түсте, кешке тамақтануы қамтамасыз етіліп жатыр.

Өңірде барлығы 10 эвакуациялық бекет жасақталған. Көбісі мектеп базасында. Ауылдастар, көрші-көлем, ағайын-туыс бір-бірінен ажырап қалмас үшін бір жерге шоғырландырылған.

Кемал Оспанов, Мақтаарал ауданының тұрғыны:

- Барлық жәрдем беріліп жатыр, жағдай істеліп жатыр. Үлкен кісілерді санаторияға жіберді Шымкентке. Немерелерімізді демалысқа жіберді. Жалпы жағдайымыз жақсы, Үкімет қарап жатыр.

Жазғытұры Мақтааралда жаңа шағын аудан салынып бітеді. Мұнда Достық, Жаңатұрмыс және Жеңіс ауылдарының тұрғындары қоныстанады. Бастапқы жобада 500 үй бой көтеруі тиіс еді. Жуырда Үкімет басшысы Асқар Мамин құрылыс көлемін арттырып, жатақханада тұрып келгендердің де баспаналы болуын тапсырды.

Әбілсейіт Мұратов, мердігер мекеме өкілі:

- Құрылысты 10 мамыр күні бастағанбыз. Бүгінде құрылыс жақсы жүріп жатыр. Ешқандай проблема жоқ. Техника, адам саны жеткілікті. Құрылыс материалдары келіп жатыр. Айтылған мерзімге дейін бәрін орындаймыз деп ойлаймын.

Өргебас пен Фердауси ауылдарының бірен-саран су алған үйлерін жөндеп береді. Немесе тұрғындардың өзге елді мекендерде салынған жаңа баспанаға көшуіне болады. Тілсіз жаудан зардап шеккендерге қаржылай көмек беру шарасы жалғасып жатыр.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Рауль Ғабитов, Ерболат Әбішов

Хабар 24 телеарнасы