433,40 515.14 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қостанай облысындағы Арқа ауылының тұрғындары ауыз су үнемдеумен әлек

  • 444
  • UPD: 09:38, 25.05.2020

Бұған тарифтің қымбаттылығы себеп. Жергілікті жұрт тіршілік нәрінің текше метріне 490 теңге төлеп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әр отбасы ай сайын 5-6 мың теңге шығынға батады. Мұндай баға орталық су желісі пайда болғаннан бері белгіленген.

Арқа ауылында 300-дей отбасы түтін түтетіп отыр. Үш жыл бұрын елді мекенге 5 шақырым жерден орталық су құбыры тартылғанда, тұрғындардың қуанышында шек болмаған. Алайда тіршілік көзіне белгіленген тарифті естігенде бәрінің көңілі су сепкендей басылды.

Төлеген Досмұхамбетов, Арқа ауылының әкімі:

- «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша су құбырының құрылысына 450 млн теңге бөлінді. Енді жұмсалған қаржыны өтеу үшін текше метр судың бағасы 492 теңге деп белгіленді. Бірақ мердігердің айтуынша, аталған тариф құрылысқа, электр қуатына кеткен шығынды толық жаба алмайды. Судың бағасы бұдан әлдеқайда қымбат болуы тиіс. 

Арқада орталықтандырылған ауыз сумен қамту жүйесі пайда болғанша тұрғындар тіршілік нәрін осындай құдықтан алып жүрді. Бірақ судың тартылып қалғанына 10 жылдан асты. Қазір елді мекен бойынша осындай 105 құдық әр жерде орналасқан. Әрқайсысының тереңдгігі 30 метрге дейін жетеді.

Толқын Қасаеваның үйі барлық санитарлық торапқа қосылған. Төрт адамнан тұратын отбасы ыстық пен салқын суды тұрмыста мақсатты жұмсауды үйреншікті әдетке айналдырған. Босқа төгіп шашпайды.

Толқын Қасаева, Арқа ауылының тұрғыны:

– Айына 4000, 5000, 7000 теңгеге дейін көтеріледі. Көрші ауыл 30 теңге төлейді. Неліктен біз көп ақша төлеуіміз керек. Бақша үшін керек. Мал суғару үшін керек. Әрине, үйдің тіршілігіне керек. Оның сыртында келіп-кетер қонағымыз бар.

Су құбырын республикалық аса маңызды сумен жабдықтау жүйесіне енгізу арқылы тарифті арзандатуға болады. Сол кезде шығынның қомақты бөлігі мемлекетпен субсидияланады.

Дәурен Асқаров, энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:

- Республикалық тізімге 49 ауыл енгізілген. 39 жеке, ал қалғаны топтық су құбырына қосылған. Биыл Арқа ауылына министрліктен субсидия алып беру жөніндегі барлық құжатты тапсырдық. Жуық арада шешіліп қалар деп отырмыз.

Егер өтініш мақұлданса, Арқа үшін судың тарифі 16 есе арзандайды. Тұрғындар бір текше метрге 30 теңгеден төлейді.

Авторлары: Данияр Сұлтан, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы