412,55 465,50 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маңғыстаулық алты жасар жеткіншек әлем елдерінің астанасын жатқа біледі

  • 516
  • UPD: 09:37, 25.05.2020

Ойын баласы карантин алдында көшеде жатқан атлас картаны кездейсоқ тауып алады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Содан географияға қызығушылығы оянып, бір айда жаһан мемлекеттері туралы қызықты мәліметтермен танысқан. Дәптеріне көшіріп жазып алған ақпарын Жігер сағаттап айтып беруге дайын.

Қаршадай ұлдың зеректігі таңдай қақтырады. Жігер әлем елдерінің астаналарын жатқа айтып қана қоймай, орналасқан жерін картадан көрсетіп отыр. Ол жер жүзінде қанша мұсылман мемлекет барын, тіптен қорғаныс күштері жоқ шағын елдерді де жетік білетін боп шықты.

Білімге құштар оқушы сабағын оқып болған соң ғаламторды ақтарып білгісі келген көп сауалға жауап іздейді екен. Бұл ретте үйдегі ұстазы көмекке келеді. Әжесі немересінің неше түрлі сұрағына түсінікті тілмен жауап беруге барын салып жүр. Оқыған-естіген ақпарын кішкентай ұл әлеуметтік желідегі парақшасына жүктеп, жас блогер атанған.

Әлемдегі 252 мемлекет атауын толық білетін Жігер ендігі кезекте ел басқарушы тұлғалардың есімдерін жаттауға көшкен.

Жігер Берікбайұлы, оқушы:

– Пәкістан. Астанасы Исламабад. Президенті – Ариф Алви. Ауғанстанның астаны – Кабул. Басшысы – Ашраф Ғани. Иран астанасы – Тегеран. Ал президенті – Хасан Рухани. Ирактың астанасы – Бағдад. Оның президенті – Бархам Салех.

Гүлжан Асамадинова, Мұнайлы аудандық №9 жалпы білім беру мектебінің директоры:

– Бұл бала мектеп табалдырығын аттағанда, екінші сыныптың оқушысының оқу шапшаңдығымен бірдей деңгейде оқып келді. Содан кейін сабақ барысында ол есте сақтау қабілетінің жоғары екенін байқатты. Мұғалімнің сабақта оқып берген өлең шумақтарын, болмаса жаңылтпаш-жұмбақтарды тез арада жаттап, қайталап айтып беріп отырды.

Жігердің әкесі мал ұстап, құс бағып, ет-жұмыртқасын саудаға шығарып келеді. Берікбай үнемі қасында жүріп, көргенін көңіліне түйіп, өзінің қолғанатына айналған ұлына дән риза. Ата кәсіп баланың төрт түлік төлдері мен балапанның толық жетілу кезеңіне дейін жасы қалай аталуын білуге жол ашқан.

Зиба Тәңірбергенова, Жігердің әжесі:

– Біз оның сұрағына басында жауап бере алмадық. Содан баламыз үшін ізденіп, өзіміз де әлем картасын үйреніп жатырмыз. Бізге сұрақ бергенде жауап бере алмай қалсақ, ұят болады. Өскенде саяхатшы боламын дейді. Сізді Норвегияға, Швецияға алып барамын дейді. Ол жақта не бар десем, олар таза, үлкен мемлекеттер дейді.

Осылайша жақындарын білімді үйренуге көндірген Жігер биыл екінші сыныпқа барады. Ұстаздары дарынды ұлды мектепішілік сайыстардан қалдырмауға уәде беріп отыр.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы