412,24 465,50 5.83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҚО-да тағы бір спорт кешені бой көтерді

  • 305
  • UPD: 23:15, 25.05.2020

Батыс Қазақстан облысында тағы бір спорт кешені бой көтерді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жаңақала ауданының орталығындағы бұл нысан аймақтың әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту бағдарламасы аясында салынған. Құрылысқа қажет қаражатты «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» компаниясы бөлген.

Екі қабатты спорт кешенінің жалпы аумағы 1300 шаршы метр. Жобалаушылар мұнда ересектермен қатар балалардың да спортпен айналысатынын ескеріпті. Әмбебап спорт залында футбол, волейбол және баскетбол ойнауға мүмкіндік бар. Жекелей жаттығу жасаймын дейтіндер үшін тренажер залдары жабдықталыпты. Онда мүмкіндігі шектеулі жандар да денсаулығын шыңдай алады. Құрылыс жобасына кешен аумағын абаттандыру да енген екен.

Ержан Әубәкіров, ҚПО компаниясының әлеуметтік жобалар бойынша менеджері:

- Бұл нысан Батыс Қазақстан облысындағы 10 дене шынықтыру-сауықтыру нысанының бірі болып саналады. Ол Батыс Қазақстан облысында әлеуметтік-инфрақұрылымдық нысандар салу жөніндегі міндеттемесі аясында салынды. Нысан құрылысы облыс және Жаңақала әкімдігімен жасалған келісім негізінде жүзеге асты. Жаңа кешен кәсіби және әуесқой спортшылар үшін өз уақытын мәнді өткізуге таптырмас мүмкіндік деп санаймыз.

Жанболат Ғұмаров, спорт клубының директоры:

- Қосымша күрес залы, одан қосымша фитнес залы, тренажер залы бар. Соған байланысты залымыз ең соңғы заманауи соңғы үлгідегі залдардың бірі болып есептеледі. Өте қуаныштымыз.

КПО компаниясы соңғы 20 жылда Батыс Қазақстан облысында ондаған жаңа мектеп, аурухана мен спорт және мәдениет кешендерінің құрылысын қаржыландырды. Жолдар салды. Қазір компанияның аймақтың әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға бөлген инвестициясының жалпы көлемі 400 миллион долларға жетті. Басымдыққа ие нысандарды облыс анықтайды, ал құрылысқа мердігер ретінде жергілікті кәсіпорындар тартылады.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы