426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Тараздықтар қала ішіне аурухана салуға қарсы

  • 386
  • UPD: 08:36, 26.05.2020

Тараз тұрғындары қала орталығына аурухана салуға наразылық білдірді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жұрт көпшілік демалатын орталық саябақтың жанына емдеу мекемесін тұрғызуға үзілді-кесілді қарсы. Олардың айтуынша, мемлекетке тиесілі жер тұрғындардың келісімінсіз заңсыз сатылып кеткен. Енді бұл жерге аурухана салынатын болса, шаһардың іші түрлі ауру мен инфекцияның ошағына айнала ма деп алаңдап отыр. 

Орталық саябақ жанынан аурухана салынады дегелі Бейбітшілік көшесінің тұрғындарынан маза қашқан. Олар демалыс орны мен үйлерінің маңынан көпқабатты медициналық кешеннің тұрғызылуын қаламайды. Онсыз да төңіректе үш емдеу орталығы бар, бұлай жалғаса берсе инфекцияның ошағына айналуы мүмкін деп қауіптеніп отыр.

Арайлым Мұхамеджанова, қала тұрғыны:

– Ертең бұл жерге қандай аурулар келеді? Қандай жұқпалы аурулар келе ме? Оның бәрі бізге әсер етеді ғой, әрине. Бұл кісілер жоба жасаудың алдында бізбен ақылдасқан жоқ. Бізден ешқандай рұқсат алған жоқ.

Зәуреш Сартаева, қала тұрғыны:

– Балалардың демалатын жері жоқ. Ойнайтын жері жоқ. Мына жерде ойнаса жол.  Сондықтан біз қарсымыз. Мына жерді қайтадан үкіметке қайтаруын сұраймыз. Сөйтіп бұрынғы болған талдарды бәрін отырғызып, осы жерде демалатын болса екен деген тілегіміз бар.

Тұрғындар мәселені айтып шағымданып талай мекеменің табалдырығын тоздырған. Бармаған жеріміз, баспаған тауымыз қалмады дейді. Бірақ өтінішіміз елеусіз қалып отыр деп қапалы.

Зәуреш Сартаева, қала тұрғыны:

– Қалалық әкімдікке, облыс әкімдігіне жаздық. Олар бұл жеке меншікке берілген, біздің қолымыздан ештеңе келмейді деді. Бұл жер елдің жері ғой. Ешкімнің алуға құқығы жоқ қой. Сондықтан біз күресеміз.

Гүлшана Айдарбекова, қала тұрғыны:

– Президентке сайтқа жаздық. Мәтінін оқып бере аламын.

Тұрғындар шағымданған соң жағдайды көзбен көру үшін  нысан басына бардық. Бірақ күзетші жолатпай қойды.

Мәселенің мән-жайын сәулет және қала құрылысы бөлімінен білдік. Бұл Абай даңғылының бойындағы 2 гектарға жуық жер о баста Жастардың демалыс-мәдени көңіл көтеру орталығын салу үшін жекенің қолына берілген көрінеді. Ағаштар кесіліп, орны әзірленген. Алайда жылдар өте түрлі себептермен нысан сақалды құрылысқа айналған. Тек, 7 жыл бұрын бұл жерді қазіргі қожайыны сатып алып, ойлаған жоспарын енді жүзеге асырмақ.

Амангелді Жетібаев, қалалық әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының орынбасары:

– Құрылыс нормалары бойынша барлық документ қаралады.  Ешқандай қарсылық болмағаннан кейін ол кісілерге 2013 жылы рұқсатын жер комиссиясы беріп отыр. Сол құжаттардың негізінде берілді деп есептейміз.

Жер иесі бұл жерге жеке 4 қабатты көпсалалы аурухана салуды көздеп отыр. Кәсіпкер көмекшісінің айтуынша, жұрттың қорқуына негіз жоқ. Қайта әлеуметтік маңызы бар нысан салу арқылы медициналық қызметтің қолжетімділігі артады дейді ол. Қазір жоба әзірленіп жатқанға ұқсайды.  Құрылыстың қашан басталары әзірге белгісіз.

Такура Әденова, медициналық орталық директорының кеңесшісі:

– Енді рұқсат қағаздарын алсақ, содан кейін белгілі болады.  Жер телімін тазалап жатырмыз. Қоршап, жұмыстарды істеп жатырмыз. Ол жер телімін сатып алған кезде олар рұқсат берген. Жер телімін сатып алғанда ол жерде көпсалалы аурухана салу деген жоспарымыз болған. Олар сонымен келіскен. Қолдарын қойған.

Тұрғындар бәрін құрылыс басталмай тұрып тоқтату керек деп санайды. Олардың пікірінше, аурухана қала сыртына салынуы тиіс. Ал қазіргі орнына  ағаш отырғызып, қала тұрғындары бір мезгіл таза ауада серуендейтін орынға айналдыруды талап етіп отыр.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы