429,75 508,70 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркияда пойыз бен ұшаққа билет кез келген жолаушыға сатылмайды

  • 354
Түркияда пойыз бен ұшаққа билет кез келген жолаушыға сатылмайды

Түркияда пойыздар 28 мамырдан, ал ұшақ сапарлары 4 маусымнан бастап қайта жанданады.

Дегенмен билет кез келген жолаушыға сатыла бермейді. Жолға шыққандар әуелі «HES» (ХЭС) кодын алуы тиіс.

Анадолы жерінде коронавирус бәсеңдеп, елде кезең-кезеңімен ішкі тасымал жандана бастады. Алғашқы болып 28 мамыр күні провинциялар арасында жүрдек пойыздар қатынай бастайды. Осыдан 2 ай бұрын жұмысын тоқтатқан пойыздар енді жолаушылардың тек 50 процентін алып жүре алады. Бетперде тағу міндетті.

Әділ Қарааймайлоғлу, Түркия көлік және инфрақұрылым министрі:

– 65 жастан үлкен және 20 жастан кіші топтағылардың «саяхат анықтамасы» болуы тиіс. Өйтпеген жағдайда жолға шыға алмайды. Билеттерінің ақысы да қайтарылмайды. Жолаушылардың, темір жол стансасынан бастап вагонға отырғанға дейін арақашықтық сақтауын қызметкерлеріміз бақылайтын болады.

Пойызға билет тек арнайы рұқсаты бар жолаушыларға сатылады. Ол үшін ұялы телефоныңызға алдын ала жүктелген қосымшаға кіріп, өзіңіздің коронавирусты жұқтырмағаныңызды, яки қауіпті емес екеніңіз жөнінде арнайы код алуыңыз тиіс.

Меруерт Қанағат, тілші:

– Түркияда COVID-19 шыққалы елдің денсаулық министрлігі «Өмір үйге сияды» атты арнайы қосымша жасап шықты. Қосымшаны барлық смартфондық платформаларда жүктеуге болады. Ал енді телефонымдағы қосымшадан менің басқа қалаларға шығуыма рұқсат бар ма, көрейік...

Маған берілген код, оны мұнда көшіріп, сұрайық. Міне, «riskli değil» яғни, «қауіпті емес» екенмін. Барып кез келген жерден билетті алуыма болады. Бұл қалай жұмыс істейді? Қалта телефоныңыздың үнемі GPS-і қосулы болуы тиіс. Осы арқылы, сіздің қайда барғаныңыз мәлім болады. Бұдан бөлек, bluetooth-ы өшірмеу қажет. Бұл арқылы коронавирус жұқтырған адаммен қаншалықты ара қашықтықты сақтағаныңыз анықталады.

Дәрігерлер бұл үдеріске оң баға беріп, кеселдің алдын алу жолында жақсы әдіс деп санайды. Дегенімен әлі де болса, қалааралық сапарларға шықпауға кеңес береді.

Туфан Эрсой, дәрігер:

– Азаматтарымыздың қайда, қай уақытта барғандығын анықтау бойынша жақсы қосымша деп санаймын. Әрі аурудың алдын алуға, жолаушыларға қауіптің бар екенін тағы бір рет еске салуда маңызды.

Елде ішкі ұшақ сапарлары 4 маусымда, халықаралық рейстер 10 маусымда басталуы көзделген. Мұнда да ел азаматтары мен ықтияр хаты бар шетел азаматтары арнайы код болған жағдайда ұша алады. Әзірше, ұшақтарда ара қашықтық сақтау жөнінде нақты ақпарат жоқ. Бірақ мамандардың айтуынша, жалпы ара қашықтық – 1 жарым метр. Ал ұшақтардағы орындықтардың қашықтығы 60-90 сантиметрден кем болмауы керек.

Авторлары: Меруерт Қанағат, Гөкальп Йамен

Хабар 24 телеарнасы