418,17 495,30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Өскемендік бүлдіршіндер лас бассейнге шомылып жүр

  • 165
  • UPD: 08:52, 27.05.2020

Өскемендік бүлдіршіндер қаланың қақ ортасында орналасқан лас бассейнге шомылып жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ата-аналар «судың сапасынан бейхабармыз, бірақ қапырық ыстықта балаларымызды бұдан басқа апарар жер жоқ», дейді. Санитарлық мамандар да судың тазалығы жайлы ештеңе дей алмады. Өйткені аталған орынға жауапты «Таза Өскемен» мекемесі судың құрамына зертханалық тексеріс жасатып, эпидемиологтарға өткізу керек екен. Тек соның нәтижесіне қарап мамандар ол жердің қаншалықты шомылуға жарамды екендігін айтпақ.

Эльмира Ахметова, тілші:

- Комендантка өзенінің тартылып қалған тұсындағы бұл орын осыдан 3 жыл бұрын салыныпты. Содан бері кішкентай өскемендіктердің ең сүйікті жері. Әсіресе, қапырық ыстықта маңайдағы бала біткен осылай қарай асығады. Қазір судың сапасы сын көтермей тұр. Оның үстіне бассейннің түбіндегі жабындысы ажырап, су бетіне көтеріліп кеткен.

Бекжан Бауыржанұлы  мектеп оқушысы:

- Осы жерді жөндесе жақсы болар еді, жақсы қылса, күнде суға түсуші едік. Мен осы жаққа алдыңғы жаздан бері келіп түсіп жүрмін.

Ата аналар да балалар көп келетін бұл жердің кем-кетігі жөнделсе деген ниетте. Өйткені шаһарда оларға арналатын қолжетімді жазғы демалыс орындары оныз да көп емес.

Азамат Қасенов, қала тұрғыны:

- Сапасы кішкене төмендеу енді, жөндесе осы жерді. Осыдан басқа түсетін жер жоқ қой балаларға. Астын жөндесе, тазаласа жақсы болар еді.

Эльмира Ахметова, тілші:

- Біз бұндағы судың сапасы жайлы мәлімет білу үшін санитарлық мамандарды сол жерге шақырып, сұрап білдік. Алайда, олар да біз сияқты одан хабарсыз екен. Өйткені бұл жерге жауапты мекеме одан сынама алып, зертханаларда тексертіп, нәтижесін осы эпидемиологтарға көрсету керек еді. Бірақ әзірге ондай қам жасалмаған. Ал құрамы тексерілмеген суға түсудің, әсіресе, бала денсаулығы үшін қаупі зор.

Фарида Баймақанова, қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бас маманы:

- Бізге келген жоқ, айтқан жоқ, мониторинг жүргізіледі. Соны келіп айтса, мониторинг жүргізген анализді әкелсе, біз қарар едік те, сіздерге айта алушы едік, суға түсуге бола ма, болмай ма, жаман болса, әрине, инфекциялық ауруға әкеледі, балаларды соған жеткізуі мүмкін.

Сонымен бұл бассейнге жауапты мекеме де табылды. Олар бұл жер бассейн емес, мүлдем суға шомылуға арналмаған деген уәж айтты. Қаланың көркі үшін салынған суағар екен. Дегенмен, маңайда бұл суға түсуге болмайтыны жайлы белгі де, ескерту де жоқ.

Ардақ Әбділдинов, «Таза Өскемен» ҚМК директорының орынбасары:

Суағар адамдардың демалыс орнына арналған көркемдік беру үшін ғана жасалған. Балалардың суға түсуіне, әрине, болмайды, иттер де жүреді, қаңғыбастар да жүреді, сондықтан ата-аналарға айтарым, өтініш, балаларды кіргізбеу керек, обал ғой, аурудың бәрі осы жерде.

Осыдан үш жыл бұрын облыс басшылығының қатысуымен балалардың су шашысып ойнайтын бассейні ретінде ашылған жердің қашан жай ғана суағарға айналып кеткені тағы да белгісіз. Әйтеуір енді осы аймақта бір апта бойы жөндеу жұмыстары жүргізілетін болды.

Эльмира Ахметова, тілші:

- Өскеменде негізінен екі-ақ жағажай бар екен. Шомылу маусымы жақындап қалса да, мамандардың айтуынша, олардың бірде-бірінен су сынамасы алынып, тексерілмепті. Ал, қалада бірнеше күннен бері аптап ыстық.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин

Хабар 24 телеарнасы