429,37 504,00 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Каспийдің суы жағалаудан 10 метр қашықтыққа шегініп кеткен

  • 358
  • UPD: 08:54, 27.05.2020

Ақтаулық табиғат жанашырлары осылай деп дабыл қағуда, деп хабарлайды «Хабар 24».

Су деңгейінің төмендеп кеткенін бұрын теңіз түбінде болған тастардың көрініп жатқанынан аңғаруға болады. Бұған не себеп? Маңғыстау облысындағы біздің тілшіміз әртүрлі сала мамандарымен жолығып, осы сауалға жауап іздеп көрген еді.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Бала кезімізде дәл осы жерге жиі келетінбіз. Өйткені аптап ыстықтан мына тас шатырдың астында қорғанатынбыз. Ол кезде судың деңгейі осы жерде болды. Қазір жағалау тегіс құрғап, орнын қамыс басты.

Балық білгірі, яғни, ихтиолог Ербол Есқалиевтің де балалық шағы Ақтауда өтті. Ол 13 жылдан астам уақыт Каспийдегі биоортаның дамуын зерттеп келеді. Бұл мамандар бөгеттер, су электр станцияларын салу алдында зерттеулерді де жүргізеді. Биолог, экология магистрі біздің сауалымызға жауап бермес бұрын ашық теңізге қайықпен шығып, қазіргі су деңгейін қашықтан көруді ұсынды.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Мамандардың болжауынша, Каспийдің деңгейі 2000 жылдардан бастап төмендей бастаған. Қазір су шамамен жағалаудан 10 метр қашықтыққа шегініп кеткен.

Ербол Есқалиев, ихтиолог:

- Экологиялық мәселе техногендік себептерден туындап отыр. Мәселен, теңізге құйылатын Еділ өзені бойында 90 млн халық тұрады. Ауыз су, жылуға сұраныс артқан сайын арнадан алынатын су көлемі де өсіп жатыр. Бұған егістіктер мен бау-бақша дақылдарын суғаруға қажет ылғалды қосыңыз. Соңғы жылдары Ресей су электр станцияларын салып, қолданыстағы нысандарды жаңғыртуды қолға алды. Бес мемлекетке ортақ су айдынын сақтау қалу үшін оған тұщы су қоры мол жетуі керек деп санаймын.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Мынау Маңғыстау жерінің 90-шы жылдары сызылған картасы. Өлкетанушы Нұрлан Құлбаев көрсетіп тұрған жерлердің суы әлдеқашан құрғап, орны ақ сортаңға айналған. Оның айтуынша, «Боздақ», «Жаман Айрақты», «Өлі қолтық» деп аталатын мүйістерге кеңестік дәуірде кеме келіп тоқтаған.

Нұрлан Құлбаев, Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының бөлім маманы:

- Жас күнімде естігенім, 1993-1995 жыл аралығында Каспий 13-15 метрге дейін көтерілді. Содан бастап қазір азайып келе жатыр. Керель жақта, қазіргі Бұрыншық, Қаламқас, Қаражанбас жерінде ата-бабаларымыз балықшылықпен өмір сүрген. Сол кезде «теңіздің деңгейі биікте болды» дейтін еді. Мына Түпқараған түбегіндегі Қашақ та, Әжібаба дейтін жерде, қазір сол айлақтың жанында тұрғанда 200-300 метрге дейін кетіп қалды теңіз. Кетік қаланың орны қазір биікте қалды да, теңіз 1-2 шақырым кері кетті.

Ал экологтардың пайымдауынша, Каспий деңгейінің төмендеп немесе көтерілуі табиғи құбылыс болып саналады. Мұндай өзгеріс өткен ғасырдың 80-90 жылдары байқалған екен. Ол кезде су жағалаудан күрт кері кетіп, кейін қайта тасыған. «Демек, алдағы жылдары теңіз деңгейінің өз қалпына келуі де ғажап емес», - дейді мамандар.

Әділбек Қозыбақов, эколог:

- Егер Каспий суы толыққан кезде жағалауда орналасқан мұнай құбырлары болса, мұндай кезде үлкен қауіп бар. Себебі, мұнайдан ластануы сияқты кезде болуы мүмкін. Онда Каспий теңізінің биоалуантүрлігіне зиян келтіреді. Тағы да бір айтатын мәселе. Каспий теңізіне құйылатын Еділ мен Жайық өзендері Ресей Федерациясының мекемелерінде су азайып, сондықтан Каспийге келетін судың мөлшері де азайып бара жатыр. Яғни, Қазақстан мен Ресей арасында мемлекетаралық келісім жасап, Ресей тарапынан суды алатын мекемелердің санын азайту керек ойлаймын.

Қорыта айтсақ, Каспий маңы мемлекеттері өзара келісімге отырып, теңізден алатын су көлемін азайту керек. Немесе шектеу енгізіп, оның бұзылмауын қатаң бақылауға алуы қажет. Мұндай құжат жасақталса, теңіздің деңгейі тез көтеріліп, жалпы экологиялық ахуалы жақсаратыны сөзсіз.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы