411,61 465,50 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жамбыл облысында соңғы төрт айда қылмыс көрсеткіші 35%-ке төмендеген

  • 160
  • UPD: 16:11, 27.05.2020

Әсіресе, ұрлық, тонау, қарақшылық, зорлау және бұзақылық деректері айтарлықтай азайған.

Бұл жөнінде халыққа есеп беру кездесуінде өңірдің бас полицейі Жанат Сүлейменов мәлімдеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әулиеаталық полицейлердің есептік кездесуі карантинге байланысты онлайн режимде өтті. Тұрғындар әлеуметтік желі арқылы 50-ден астам сауал жолдады. Дені карантин кезіндегі шектеу шаралары мен құжат рәсімдеуге қатысты болды. Тіпті кейбір тұрғындар департамент қызметкерлеріне алғыс білдіріп, жұмыстарына табыс тіледі. 

Жалпы аймақта орта дәрежедегі қылмыстар 56, ауыр емес қылмыстар 25%-ке төмендепті.

Жанат Сүлейменов, облыстық ПД бастығы:

- Іс-шаралардың нәтижесінде пәтер ұрлығымен айналысқан 44 адамнан тұратын 7 қылмыстық топ ұсталды. Олардың 35 қылмыс жасағандығы дәлелденіп, қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Мал ұрлығымен 8 адамнан тұратын 6 қылмыстық топ ұсталды. Олардан 75 мал басы тәркіленіп, иелеріне қайтарылды.

Облыста есірткіге қатысты 191 қылмыстық құқықбұзушылық анықталды. Заңсыз айналымнан 176 келіге жуық есірткі заттары тәркіленді.

Асхат Алметов, облыстық есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы:

- Карантин жарияланғанға және де осы облысымызда барлық блокпосттарға байланысты тұрғындар үйлерінде болды. Сондықтан мына қылмыс былтырғы жылға қарағанда 30-40%-ке азайған. Және де тәркіленген заттарымыз да 50%-ке азайған деп айтуға болды.

Айта кету керек, облыста карантин режимін бұзуға қатысты 1251 дерек анықталған. 900-ге жуық тұлға жауапкершілікке тартылып, тағы 5 азамат төтенше жағдайда құқықтық тәртіпті бұзуға арандатқан іс-әрекеті үшін жазаланды.

Авторлары? Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев

Хабар 24 телеарнасы