412,55 465,50 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-да 10 мыңға жуық тұрғыны бар елді мекенде ауыз су жоқ

  • 154
  • UPD: 20:33, 27.05.2020

Шығыстағы Глубокое ауданындағы Белоусовка кентінің тұрғындарының кенезесі кеуіп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ауыз су тек кестемен ғана беріледі. Халықтың айтуынша, оның өзі сапасыз. Әбден ескірген су құбырында тазалық талаптары сақталмайды. Аудан әкімдігі көпқабатты үйлерге келетін су құбырын жаңалауды үш жыл бұрын жоспарлаған. Алайда ол әлі сөз жүзінде қалып отыр. Он мыңға жуық тұрғыны бар үлкен елді мекенде сапалы суға қашан қол жеткізеді?

Дамир Ордаханов, Глубокое аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

– Қыста біз жұмысқа кірісе алмадық, қазір міне, күн райы бір қалыпқа түскеннен соң құбырды іске қосамыз.

Бұл құбырды іске қосу жөнінде аудандық құрылыс бөлімінің басшысы  тура екі ай  бұрын берген  уәдесі. Бірақ проблема  сол қалпы. Халықтың әлі кенезесі кеуіп отыр. Су тек кесте бойынша сағатпен ғана беріледі. Сапасы да күмәнді.

Таза болмайтыны орталық құбырдың 70 проценті ескі. Аудан әкімдігіндегі осы салаға жауаптылар  елді мекенге 2013 жылдан бері су жүйесін жаңалау туралы айтып келеді. Бірақ нақты жұмыстың басталатын түрі жоқ.

Роза Рахметова,  Белоусовка кентінің тұрғыны:

– Мынадай вирус кезінде не дұрыстап қолымызды жуа алмаймыз, не дұрыстап тамақ қайната алмаймыз, ең бірінші проблема осы су болып тұр.

Тұрғындар ескі құбырдың суы сапасыз болса да, тоқтаусыз берілуін  сұрап отыр. Өйткені күн ысығанда  көршілердің бір-бірінен су сұрайтын кездері болады.

Людмила Архипова, Белоусовка кентінің тұрғыны:

– Қазір вирус жұқпауы үшін қолды жиі жуу керек деп жатыр. Бірақ су жоқ болса қалай жуасың. Ал берген кезде шүмектен  тот араласқан, батпақ ағады.

Батпақ аралас судың кесірінен істен шыққан тұрмыстық техниканы тұрғындар үйлердің кіре берісіне тізіп қойыпты.  Жөндеуге де келмейді.  Ал құбырдағы қысым аз болғандықтан көпқабатты үйлердің жоғары жағына су  көтерілмейді.  Сондықтан тұрғындар ұзын сорғыны да пайдаланады. Елді мекендегі  жалпы су құбыры  118 шақырым болады. Осы ауқымды жұмысты ерте көктемде бастауға  ауа райы кедергі келтірсе, мамыр мен маусымда  елдегі эпидахуал қолбайлау болып отыр екен. Осылайша  жылдан жылға, айдан айға созылып келеді.

Анатолий Ташниченко,  Белоусовка кенті әкімінің міндетін атқарушы:

– Қазақстан бойынша төтенше жағдай жарияланғандықтан   жұмысты уақытында бастай алмадық. Ал қазір карантин болып тұр. Осы шектеулер алынған бойда  біз су  құбырын тартуды қолға аламыз.

Құбыр тартуды қолға алып болғанша тұрғындар орталық жүйден келген суды арнайы сүзгі қойып  пайдалана тұрмақ.  

Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин

Хабар 24 телеарнасы