405,69 456,25 5.76
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Нұр-Сұлтанда медициналық орталыққа жедел гемодиализ аппараттары тарту етілді

  • 161
  • UPD: 22:52, 27.05.2020

Елордадағы қалалық жұқпалы аурулар орталығы үш заманауи жедел гемодиализ аппаратымен толықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Астана Моторс» құрамындағы «Хёнде» компаниясы әлемді жалмаған індетпен күресуге өз үлесін осылайша қосып отыр.

Бұл – елордадағы заманауи жұқпалы аурулар орталығы. Қазір мұнда 150-де астам науқас «КОВИД-19-дан» емделіп жатыр. Бесеуінің жағдайы ауыр. Жан сақтау бөлімінде жатқан екі науқас жасанды бүйрек аппаратына қосылуы керек.

Иван Вахрушев, жансақтау бөлімінің меңгерушісі:

– Жансақтау бөлімінде жағдайы ауыр науқастар бар. Өкпе тіні қатты зақымданған азаматтар жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Бұл, әрине, бүйрек сияқты басқа да ағзаға кері әсер етуі мүмкін. Біз бәрін бақылап отырмыз.

Өкінішке қарай, науқастар саны азаймай тұр. Қазір орталықта 2 жедел гемодиализ, яғни жасанды бүйрек аппараты бар. Демеушілердің көмегімен тағы үшеуі орнатылды. Дәл бүгін жағдайы ауыр науқастардың бірі осы жабдыққа қосылатын болады.

Анна Цепке, қалалық жұқпалы аурулар орталығының бас дәрігері:

– Бізге өте қажет жабдық келді. «Хенде» компаниясына алғысымыз шексіз. Жедел гемодиализ үшін қолданылатын үш құрылғы алынған. Біз індетті жеңу үшін бәрін жасап жатырмыз. Міне, мүмкіндігіміз де еселенді.

«Жасанды бүйрек» аппараттары Германиядан алынған. Сапалы әрі сенімді жабдықтың жалпы құны 50 млн теңгеден асады.

Мереке Сұрағанов, «Hyundai Premium Astana» компаниясының директоры:

– «Астана Моторс» құрамындағы «Хенде АВТО Қазақстан» компаниясы бүгін Нұр-Сұлтан қаласына жедел диализ аппараттарын сыйға тартты. Олар дәрігерлердің жұмысын жеңілдетіп, көптеген отандастарымыздың өмірін сақтауға көмектеседі деп сенеміз.

Орталықтағы 90 медициналық қызметкер қауіпті індетпен күресіп жүр. Ал демеушілердің қолдауы оларға үміт сыйлағаны анық.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Арман Ақшабаев

 

 

Хабар 24 телеарнасы