419,02 492,14 5.75
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағанды облысындағы Абай қаласының тұрғындарын не мазалайды?

  • 203
  • UPD: 08:09, 28.05.2020

Қарағанды облысына қарасты Абай қаласының тұрғындары бірнеше аудандағы әлеуметтік жағдайға наразы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Атап айтқанда, оларды бірқатар ауланың қараусыз қалуы мен балалар алаңының жоқтығы мазалайды.

Бұл Абай қаласындағы қараусыз қалған көп ауланың бірі. Мұндағы жолмен көлік былай тұрсын, адамның өзі еркін жүре алмайды. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұл мәселе осыған дейін сан мәрте көтерілсе де, еш нәтиже шықпапты.

Ұлы ақынның атын арқалаған шағын қала – аудан орталығы. Бізге бұл көріністерді бірнеше көпқабатты үйдің тұрғындары жолдады. 

Жергілікті әкімдік тұрғындардың талабын жақсы біледі. Алайда осы уақытқа дейін сан мәрте жолданған сауалға берілер жауап та өзгермеген. Барлығы жоспар бойынша жүзеге асатын көрінеді.    

Жалпы бұл бір ауданға ғана тән мәселе емес. Қаланың орталығында да, шеткі бөліктерінде де кездеседі.   

Ал жаңбыр жауған соң онсыз да сапасыз жолмен жүру тіпті мүмкін емес дейді ашынған абайлықтар. Әкімдік бұл жайттан да хабардар. Алайда бұдан мәселе шешілер емес.    

Қаланың тыныс-тіршілігіне жауаптылар бұл жолы да жоспарды алға тартты. Тек карантинге байланысты қосымша қаражаттың бөлінбейтінін атап өтті. Ал бұл қаланың төртінші шағын ауданы. Осыған дейін балалар алаңына ғана бас қатырған тұрғындар енді жол сапасына алаңдаулы. Айта кетейік, кәріз жүйесін жөндеу жұмыстарына байланысты сапасы онсыз да төмен асфальт қазылып тастапты.

Хабар 24 телеарнасы