418,90 492,14 5.72
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бес айда мемлекет бюджетінен 30 млрд теңгенің жымқырылғаны анықталды

  • 274
  • UPD: 23:09, 28.05.2020

Бүгін еліміздің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мамандары «жемқорлыққа жол беріп, мемлекет қаржысын жымқырды» деген күдікке ілінген бірқатар лауазымды тұлғаларды ұстады.

Олардың кейбірі бірден қамауға алынды. Өзгелеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды.

Жемқорлыққа жол беріп, шамамен 400 миллион теңгені жымқырды деген күдікпен Мәдениет және спорт министрлігіндегіне қарасты спорт және дене шынықтыру комитеті төрағасының бұрынғы және қазіргі орынбасары ұсталды. Еліміздің Қылмыстық-процессуалдық іс жүргізу кодексінің 128-бабына сәйкес олар Өскемен қаласындағы уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Жігер Байділдин, облыстық  сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары:

- Ұсталғандардың біреуіне қатысты сот 2 ай мерзімге қамауға алу жөнінде сот бұлтартпау шарасын санкциялады. Қазіргі уақытта аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

Күдіктілер Риддер қаласында 300 орынға арналған спорт мектебін салып жатқан мердігердің есепшотына істелмеген жұмыс үшін 380 миллион теңге аударған. Тексеру кезінде спорттық нысанның құрылысы толық аяқталмағаны анықталды. Осы жағдайға байланысты Спорт және дене шынықтыру комитетінің төрағасы Серік Сәпиев аталған іс бойынша өз орынбасарының кінәсі дәлелденсе, қызметтен кетуге өтініш жазатынын мәлімдеді.

Серік Сәпиев, ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы:

Жылы мектеп интернатының құрылысы басталды. 2019 жылы аяқталуы тиіс болатын. 2019 жылдың аяғында біз өзгерттік келісімшартты. Осы жылдың аяғына дейін аяқталуы тиіс. Қазір менің орынбасарыма қатысты қылмыстық іс қозғалды. Енді біз сот шешімін күтеміз. Егер оның кінәсі толық дәлелденген жағдайда мен өтініш жазуға дайынмын.

Сондай-ақ Шымкент қаласының Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің басшысы бюджет қаржысын жымқырды деген күдікке ілінді. Ол 2019 жылдың маусым айында мердігер және басқа да сыбайластарымен бірлесіп, істелмеген жұмыстарды «істелді» деп актіге қол қойған. Осылайша, Департамент ғимаратын жөндеуге бөлінген 7 миллион теңге бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді. Іске қатысты сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Бұған қоса, Түркістан облысы Жамбыл ауылдық округінің әкімі жемқорлыққа жолберген. Ол жер телімін бергені үшін 400 мың теңге пара алды деген күдікке ілінді. Тергеу жалғасуда. Алматы облысы Қаратал ауданында жол құрылысы кезінде орындалмаған істі «аяқталды» деп қол қойғаны үшін техникалық қадағалау сарапшысы ұсталды. Ол мемлекетке 90 миллион теңгеден астам шығын келтірген. күдіктіге қатысты тергеу жалғасып жатыр. Айта кету керк, биылғы бес айда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігі мемлекет бюджетінен 30 миллиард теңгенің жымқырылғанын анықтап, оның 28 миллардтан астамын өндіріп алды.

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожа, Әділғазы Төлеміс

Хабар 24 телеарнасы