424,92 504.32 5.86
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Ақтөбедегі зауытта қаза тапқандардың жақындарына қолдау көрсетіледі

  • 481
  • UPD: 23:17, 28.05.2020
Ақтөбедегі зауытта қаза тапқандардың жақындарына қолдау көрсетіледі

Ақтөбе хром қосындылары зауытында қаза тапқан азаматтардың жақындарына жан-жақты қолдау көрсетіледі.

Бұл туралы арнамыздың тілшілеріне өндіріс орнының жетекшісі Алексей Химич хабарлады. Зауыт басшысы оқыс оқиғаны жазатайымнан болды деп есептейді. Өндірістің 60 жылдық тарихында мұндай жағдай бірінші рет болып отыр. Алексей Химич «Цехта жарылыс та, апат та болған жоқ», деді. Сондықтан 4 азаматтың көз жұмып, екі жұмысшының ауыр хәлде ауруханаға жетуіне не себеп болғандығы белгісіз. Әзірге олар 50 текше метрлік үлкен бакты тазалау кезінде көз жұмғандығы мәлім. Тағы 2 азамат қаладағы жедел медициналық жәрдем ауруханасына ауыр халде жеткізілді.

Алексей Химич, Ақтөбе хром қосындылары зауытының басшысы:

- Сол жерде еңбек етіп жатқан топ жетекшісі қаза тапты. Сондықтан оқиғаның қалай болғандығын ешкім дөп басып айта алмайды. Қазір арнайы комиссия тексеруде. Біздің жұмысшылардың барлығы сақтандырылған. Сондықтан ертең сақтандыру компаниясына хат жолдаймыз. Біз де көмектесетін боламыз.

Атығай Арыстанов, облыстық ПД бастығы:

- Қазіргі таңда облыстық полиция департаменті ҚР ҚК 156-бабы, 4-бөлімімен тергеу алдын алу жұмыстарын бастады. Сол жерде облыстық полиция департаменті мен төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері жұмыс атқаруда. Оқиға жағдайы қалай болғанын не жағдайдан болғанын бәрі осы тергеу кезінде анықталады.

Хабар 24 телеарнасы