410,70 456,25 5.78
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордада фитнес орталықтар қашан ашылады?

  • 134
  • UPD: 11:37, 29.05.2020

Елордадағы фитнес орталықтары жабылудың аз-ақ алында, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өйткені әлі күнге дейін олардың жұмысына рұқсат берілген жоқ. Салдарынан  келушілер қатары тыйылды, залдар қаңырап бос тұр, ал қарыздар еселеп артып жатыр. Егер жағдай осылай жалғаса берсе, жаздың аяғына қарай 7 мыңға жуық адам мүлде жұмыссыз қалуы мүмкін дейді сала мамандары.

Елордадағы фитнес орталықтардың бірі. Карантин тәртібі енгізілгелі бері келушілерге есігін ашпаған. Біздің өзімізді таңертең ертерек шақырып, ішіне әрең кіргізді. Өйткені біреу-міреу көріп қалып, жоқ жерден жауапкершілікке тартыламыз ба деп қорқады. Иесі Виталий Гребнев қалыптасқан жағдай кәдімдідей тығырыққа тірегенін айтады. Өйткені осы екі айда барлық келушіден айырылған. Сәйкесінше, қызметкерлері де жұмыссыз. Бұған қоса, жалға алу ақысы бар. 

Виталий Гребнев, фитнес орталығының директоры:

– Біздің сала мамандары қазір қатты қиналып жатыр. Өйткені фитнес орталықтар жұмысына рұқсат жоқ және бұл жағдайдың әлі қаншаға созылары белгісіз. Сондықтан әзіргі шығынның бәрін өз қалтамыздан төлеуге мәжбүрміз. Бірақ оның өзі көпке жетпейді ғой. Енді ары қарайғы тағдырымыз қалай болары белгісіз.

Осыған байланысты қазір елорда бойынша мыңдаған адам жұмыссыз отыр. Тіпті, кейбірі басқа салалардан нәпақа іздеуге мәжбүр. Бұл мәселені жауапты мамандар жақсы біледі. Тіпті, қала әкімі Алтай Көлгінов бірер күн бұрынғы брифингте оған бөлек тоқталған еді. Бірақ спорттық орталықтардың нақты қашан ашылатынын айтпады. 

Алтай Көлгінов,  қала әкімі:

– Қазіргі эпидемиялогиялық жағдайда фитнес орталықтары ашылмайды. Өйткені ылғалдылығы жоғары жерде вирустың таралуы да жылдам болады.Санитарлық дәрігерлер осыны алға тартады. Әрине, спорттық нысандардың түбі ашылатындығы анық. Ол енді өзіміздің тәртібімізге байланысты болмақ.

Фитнес орталықтары қазірдің өзінде қажетті медициналық құрал-жабдықтарды сатып алған. Бұған қоса, залға келетін адамдар саны мен олардың арақашықтығын да қатаң бақылауда болатынын айтады. Ол үшін спорттық орталық бірнеше арнайы аумақтарға бөлінген.

Аслан Қаженов, тілші:

– Бұған қоса, фитнес орталықтардың барлығы дерлік  ауа айналымын реттейтін арнайы құралдармен жабдықталған. Енді осы тұста ылғалдылыққа қатысты мәселенің қайдан шыққанын түсінбей дал. Оның үстіне қазір қоғамдық моншалар мен әмбебап базарлардың жұмысына рұқсат берді ғой. Ал мынадай фитнес орталықтарда жағдай салыстырмалы түрде жақсы. Сондықтан ылғалдылыққа қатысты аргументтің ойға қонымсыз екенін алға тартады мұндағылар.

Қаладағы фитнес орталықтың иелері бірігіп, Президентке бейнеүндеу жолдады және оған қатысты тұшымды жауап болады деген үмітте. Әйтпесе, қазірдің өзінде бірқатар зал жабылудың аз-ақ алында. Осыны болдырмау үшін тығылып жұмыс жасап жатқандары да бар.

Авторлары: Аслан Қаженов, Жандос Битабаров

Хабар 24 телеарнасы