418,90 492,14 5.72
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҚО-да қауіпті індет шалғай ауылдардан шыға бастады

  • 173
  • UPD: 21:15, 29.05.2020

Батыс Қазақстан облысында эпидемиологиялық жағдай тұрақты деуге келмейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Аймақта ауру жұқтырғандар саны 544-ке жетті. Соңғы тәулікте тағы 51 адамның осы індетке шалдыққаны анықталды. Қауіпті вирус шалғай ауыл тұрғындарынан да шыға бастады. Тасқала ауылы мен Сырым ауданы карантинге жабылса, Жәнібек ауданындағы 3 ауылда сақтық шаралары күшейтілді. Себебі бұл өңірде 8 адамнан індет шыққан.

Аудан орталығынан 40 шақырымда жатқан мына Қамысты ауылы ауру анықталған ошақтардың бірі болып отыр. Аталған ауылдан науқаспен қарым-қатынаста болған 20 шақты адам қазір бақылауға алыныпты. Сондықтан сақтық шараларын естен шығармаған жөн дейді мамандар.  

Сонымен қатар мың шақты тұрыны бар Борсы ауылында да бір науқас анықталған. 

Айгүл Бекқалиева, Борсы ауылдық округінің әкімі:

– Ауылдағы жағдай тұрақты. Кеше 1 адам коронавирус ауруына шалдығып, облыс орталығына алып кетті. Бүгінгі күнде де 1 адам анықталып, округ бойынша 2 адам шалдығып тұр. Қазіргі уақытта халық арасында түсінік жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.

Сақтық демекші, қазір қатерлі індеттің барына сенбейтіндер көп дейді ауыл тұрғындары. Мысалы, пошта, дүкен мен базар секілді қоғамдық орындарда карантин талаптарын елемейтіндер көп екен. 

Ханымзия Кенжина, дүкен сатушысы:

– Ауру бар дегенге сенбейді. Өзіміз маскамызды, қолғамбымызды киіп тұрамыз. Бәрін сұйықтықпен сүртеміз.

Бүгінгі күні ауданда індет жұқтырған 8 науқас анықталған. Олардың бесеуі қазір облыс орталығында, қалған үшеуі аудандық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесінде ем алып жатыр. Арасында медбике мен полиция қызметкерлері де бар.

Жақсылық Абдолов, Жәнібек ауданы әкімінің орынбасары:

– Қамыстыдағы тұрғын деген жеке кәсіппен айналсады. Азық-түлік тағамдарын атумен. Оралдағы көтерме базарлардан алып келіп тұрғындарға сатқан. Ал екінші жағдай – «Теңіз» кенішінен келген карантиндегі адам. Аудан тұрғындарын санитарлық талаптарды сақтап, бас санитардың қаулысында айтылған талаптарды қатаң сақтауға шақырамыз.

Ауданда қатерлі індетті таратпаудың барлық шарасы жасалып жатыр. Маңызды ақпараттар көшедегі дыбыс күшейткіштер арқылы хабарланады. Жалпы карантин басталғалы бері 28 аудан тұрғыны әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Тәртіпке бас имеген 24 адам карантин талаптарын бұзғаны үшін қамауға алыныпты.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы